АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігі жер сілкінісінен зардап шеккендерге қайырымдылық кеш өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігі жер сілкінісінен зардап шеккендерге қайырымдылық кеш өткізді

29.03.2023

АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігі Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесу үшін қайырымдылық кеш өткізді. Басты мақсат тек ақша жинау емес, табиғи апаттың салдарын жоюға қоғам назарын аудару. Дос қиындықта сыналады. Жүз жылда болмаған алапат зілзаланың зардабын тартып жатқан бауырлас Түрік жұртына қол ұшын созу қазақстан үшін аса маңызды. АҚШ-тағы елшіліктер арасында алғаш болып, Қазақ дипломаттарының қайырымдылық кешін өткізуі де содан. Вашингтондағы шараға арнайы келген Түркия елшісі де қиын қыстау кезде қапыда қалдырмай, биліктен бастап бұқараға дейін көмегін аямаған қазақ еліне ерекше риза.

Мұрат Мерджан, Түркияның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Осы шараны ұйымдастырған Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне алғысымды білдіремін. Түркиядағы табиғи апаттан кейін алғашқылардың бірі болып бізге көмек көрсеткен, қазір де жәрдемін аямай келе жатқан Қазақстан азаматтарына рахмет айтамын.

Игі шараға Вашигондағы қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және іскер топ өкілдері қатысты.

Анна Синева, халықаралық қайырымдылық қорының өкілі:

Қазақстан елшілігіне үлкен рахмет. Себебі, зардап шеккен жұртқа халықаралық қолдауды тұрақты жалғастыру қазір өте маңызды. Қиындықтарға, кедергілерге, саяси жағдайдың ушығып тұрғанына қарамай көмек қолын созуымыз қажет. Адамзат бірігуі тиіс. Бұл орайда сіздердің мемлекеттеріңіз өзгелерге үлгі болып отыр.

Қайырымдылық кешінде 70-тен астам қонақ қаржылай көмектерін берді. Жиналған ақша бұған дейін гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Нобель сыйлығын алған «шекарасыз дәрігерлер» ұйымына аударылып, табиғи апаттан зардап шеккендерге шұғыл медициналық жәрдем көрсетуге жұмсалады.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу