Тағы бір шешілмеген мәселе - дизель тапшылығы. Жылдағы әдетінше көктемгі егіс науқаны басталған тұста Түркістан облысы мен Шымкент қаласында қазір көліктерге жағармай шекті мөлшермен ғана беріліп жатыр. Салдарынан, транзитті жүк көліктері діттеген жеріне жете алмай орта жолда қаңтарылып қалған. Ал шаруалар болса, қолда бар техникасын жүргізе алатын емес. Жанар-жағармай құю бекеттерінде сұйық отын жоқ емес, бар. Тек талонмен сатылуда. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 500-ден астам май құю бекетінің көбінде жағдай осы.
Ерлан Алтаев, көлік жүргізушісі:
Солярка жоқ. Тек мемлекеттік бекеттерде беріп жатыр-ау. Жекеменшікте жоқ. Таңғы 9-да келгенбіз, әлі тұрмыз. Май құя алмаймыз. Шектеулі 200 литр береді.
Жанар-жағар май қауымдастығының басшысы «мұнай өнімдерін шығаруда тапшылық жоқ. Проблема бақылаудың нашарлығынан туындап отыр»,-дейді. Оның айтуынша жылына мыңдаған тонна жағармай көлеңкелі жолмен шетел асады екен. Мұнан бөлек, дизель отынының тапшылығына Шымкент мұнай өңдеу зауытының 1 ай мерзімге жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтап тұрғаны да себеп. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өкілдерінің сөзінше, қорда 29 мың тонна дизель отыны бар. Бұл әлі он күнге жетеді дейді олар. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты 13-сәуірден бастап жұмысын бастайды.
Ғани Қалмаханов