Павлодар қаласы әкімінің орынбасары 4 млн теңге айыппұл төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары 4 млн теңге айыппұл төлейді

27.03.2023
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары 4 млн теңге айыппұл төлейді

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары мемлекетке 4 млн. теңге айыппұл төлейді. Себебі ол тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімін басқарған кезде мемлекеттік сатып алу заңын өрескел бұзған. Лауазымды тұлғаның бұрынғы қызметіндегі заңсыз әрекетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері әшкерелеген.

Назымбек Бекжанов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

Мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жасаған кезде қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі 1 млрд 900 млн теңгеге бір ғана кәсіпорынмен 17 келісімшарт жасалғаны анықталды. Бәсекелестік ортаға шығармай тендерді тікелей бере салған. Шара қолдану үшін біз материалды бірден Қаржы министрлігінің ішкі аудит комитетіне жолдадық.

Лауазымды қызметкердің айыппұл арқалауы бірінші рет емес. Ол былтыр да мемлекеттік конкурстағы лоттардың санын қысқартып, тендер талаптарын белгілі бір компаниялар ғана қатыса алатындай қылып өзгерткен. Сол әрекеті үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті сотқа беріп 1 млн. теңгеге жуық айыппұл төлеттірді. Дегенмен, заңды бірнеше рет бұзған мемлекеттік қызметкердің ісі тәртіптік кеңесте қаралмайды екен. Яғни, ол бұл жолыда әкімшілік жазамен құтылады.

Ерлан Салықбаев, облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары:

Егер мемлекеттік қызметтегі басшы басқа лауазымға ауысса оның бұрынғы жұмыс орнындағы жауапкершілігі қаралмайды. Жаңа қызметке келгенге дейінгі жұмыс істеген мемлекеттік органдағы құқықтық қатынастардың барлығы тоқтатылады. Әркімшілік іс қозғалған жағдайда тәртіп осы.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу