Петропавлда еріген қар суы тұрғындарды әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда еріген қар суы тұрғындарды әбігерге салды

27.03.2023

Петропавлда еріген қар суы жер үйлерге кіріп, тұрғындарды әбігерге салды. Әсіресе «Ойқала», «Береке», «Солнечный» аудандары мен Жұмысшы кентінде тасқын қаупі басым. Коммуналдық қызмет пен құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 3 мектепте эвакуациялық пункт ашылды. Ал Қостанай облысындағы Аралкөл – Шилі бағытындағы жолды су бұзып кетті.

Людмила Луцекно баспанасы 1,5 сағатта суға толып кеткен. Арнайы техника тазалағанымен, сырттағы су еңісте тұрған үйге қайта ағып жатыр.

Людмила Луценко, Жұмысшы кентінің тұрғыны:

Жауапты мекемелерге бірнеше мәрте хабарластық. Техника дер кезінде келмеді. Кеше іштегі суды сорып кетті. Сырттағы шалшыққа тиіскен жоқ. Салдарынан бүгін үй қайтадан суға толды. Осы жерде түнеп шықтық. Баспананы қалай жөндейтінімізді білмеймін.

Биыл теріскейде күн күрт жылынды. Қар ерігенімен, 2 метрге дейін тоң болып қатып қалған жер әлі жібіп үлгермеген. Сондықтан қар суы топыраққа сіңбей жатыр. Ал суағардардың басым бөлігі талапқа сай емес.

Эльмира Кәленова, тілші:

Көшеде мынадай арық бар. Бірақ пайда жоқ. Қыс бойы жиналған қоқыс пен мұз қатып қалған. Салдарынан еріген қар суы үйлерге кіріп жатыр.

Қала әкімдігігің диспетчерлік қызметіне соңғы тәулікте 300-ден астам шақырту түскен. Бірінің қорасына, бірінің ауласына су толған.

Сергей Снопов, коммуналдық мекеме жұмысшысы:

Екі үйден 5 бөшке су шығардық. Қар еріп, қайта-қайта жиналып жатыр. Тағы да шақыртулар бар.

Кей көшелерде жол ми батпаққа айналды. Техника қозғалысы қиындап, жүк көліктеріне дейін батып жатыр.

Ал Қостанай облысында «Аралкөл – Шилі» бағытындағы жол су астында қалды. Бұл Жанкелдин ауданына қарасты Шилі және Милісай ауылының ортасы. Суағар жоқ. Салдарынан қар суы жолдан асып ағып жатыр. Тұрғындар әзірге дала жолымен қатынап жүр.

Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

24-інен бастап су көтерілген болатын. Қазір екпіні бәсеңдеп, деңгейі түсіп жатыр. Халыққа қауіп жоқ. Осы бір екі күнде толығымен су ағып бітеді деп болжап отырмыз. Одан кейін жол толығымнен ашылып, жол болады.

Сондай-ақ Ақтас ауылынан екі шақырым жерде Тасты өзенінің суы Арқалық қаласына баратын жолдан асып ағып жатыр. Тұрғындар қайықпен қатынауға мәжбүр.

Эльмира Кәленова, Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу