Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Ол шаһардағы жылу энергия орталығының жұмысымен байланысты. Қыс басталғалы станция 67 рет тоқтап қалған. Бірнеше күн бұрын 4-ші және 5-ші жоғары қысымды қазандықтарда өрт шыққан. Сондай-ақ көмір шаңы тұтанып жарылыс болған. Ал қаңтардан бері жылыту нысанын иеленген компанияның жұмысында кемшілік көп. Сондықтан облысбасшылығы «жылу энергия орталығын коммуналдық меншікке шығараудан басқа амал жоқ»-деп отыр.
Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:
Қазір Жылу энергия орталығында 3 миллард теңгеден астам қарыз пайда болды. Мазут, көмір мен электр энергиясымен қамтамасыз етуде мәселелер бар. Қараша айында шұғыл түрде ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген компаниялар алдында да берешек бар. Мұның барлығы станцияның технологиялық жағдайына қауіп төндіріп тұр. Сондықтан жылу маусымын ойдағыдай аяқтауымыз үшін, нысанды өзіміздің басқаруымызға алуға мәжбүрміз.
Ал бас прокуратура жүргізген тексерулер кезінде Риддер Жылу энергия орталығының техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз екендігі белгілі болып, 240 заң бұзушылық анықталды. 548 миллион теңгенің жоспардан тыс шығындалғаны белгілі болды. Нәтижесінде, әкімшілік жолмен өндіріп алу үшін, 11 млн теңге айыппұл салынған. Ақауларды жою бойынша ескертулер жасалған.
Ержан Жақып