Швейцарияның ірі банкі әйгілі инвестициялық компанияны сатып алатыны белгілі болды. Осы хабардан кейін бұл конфедерацияның ғана емес, әлемнің қаржы жүйесіне де сенім сетінеп, Еуропа мен Азия биржаларында акциялар күрт арзандап кетті. Бірақ, кейбір сарапшылар 2008 жылғы дағдарыс қайталанбайды деген пікірде. Тақырыпты тілшіміз жалғастырады.
Банктердің аркциялары арзандады
Банк ісіне сенім керек. Егер сол сенім сетінесе, инвесторлар бұндай қаржы ұйымының акциясын алмайды, ал клиенттер оның депозитінен ақшасын тезірек шешіп алуға жанталасады. Швейцарияда 167 жыл бұрын құрылған «Клиент Сюис» қазір дәл сондай жағдайда.
Кезінде коррупционер саясаткерлер мен наркобарондардың миллиардтарымен ісі болып, басы даудан арылмаған «Клиент Сюиске» өткен аптада Сауд Арабиясы қаржы салмайтынын хабарлады. Содан кейін бұл банктен тура мағынасында капитал қашып жатыр деуге болады.
Сабина Цграгген, Цюрих тұрғыны:
Бұл жағдай бүкіл Швейцарияны төбесіне жай түскендей күйге бөлеп отыр. Оны құтқару шарасы да таң қалдырды. Басқа амалдары қалмаған ғой.
Құтқару шарасы демекші, Швейцария орталық банкі «Клиент Сюисті» күйреуден аман алып қалуға 54 миллиард доллар жұмсады. Ол да сенім қайтара алмады. Соңғы мәліметке қарағанда, бұл инвестициялық компанияны енді өзінің нарықтағы бәсекелесі «Ю-би-эс» сатып алып жатыр.
Алайда, бұл шешім инвесторларды бүкіл әлем банктерінің жағдайы нашар шығар деген ойға жетелеп отыр. Сол қорқыныштан бүгін Германияның «Дойче банкі» мен «Коммерцбанкінің», Францияның «Парибасының» акциялары 4 пайыздан 10 пайызға дейін құнсызданды.
Осыған ұқсас жағдай таңертең Азия қор нарықтарында да байқалды. Өйткені бұл аймақта да инвесторлар банктердің құнды қағаздарынан құтылуға асық.
Роберт Халвер, Капитал нарығын сараптау бөлімінің басшысы:
Банк ісіндегі ең үлкен валюта – сенім. Егер оған азғандай ғана селкеу түссе, адамдар үрейлене бастайды. Сондықтан, орталық банктер бұндай отты дереу өшіруі керек. Егер бір жерде сіріңке жағылса, оған тұтас өрт сөндіру машинасын жіберген абзал. Болмаса біз 2008 жылғыдай дағдарысқа ұшырап, одан аман қалуымыз екіталай.
Дегенмен, 2008 жылы Ұлыбританияның қаржы нарығын бақылау агенттігін басқарған лорд Тернер «Сандэй таймс» газетіне берген сұқбатында айтқандай, әлемнің банк дағдарысына ұшырауы екіталай. Өйткені, оның пікірінше, бүгінгі банктерде капитал көбірек және жылжымайтын мүлік нарығына 15 жыл бұрынғыдай қайтарылмайтын қыруар несие берілген жоқ.
Арыстанбек Рысбек