Шымкент қаласында еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар және халықаралық талаптарға сай жаңа ипподром ашылды. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай бүгін осында «Ұлы Дала ойындары» деген атауымен ұлттық ат спорты ойындары басталды. Оған әлемнің 10 елінен спортшылар жиналды.
Қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату мен бәйге. Ат құлағында ойнаған жігіт қыздардың ептілігі талайдың делебесін қоздырды. Сондай-ақ қырын құсын баптап, тазысын ерткен саятшылар да бүгінгі мерекенің шырайын аша түсті. Салтанатты жиында ипподромды салған демеушілер шаһар басшысына символикалық белгіні табыс етті.
Батыс пен Шығыс, Оңтүстік пен Солтүстік. Еліміздің әр өңірінің салт-дәстүрін паш еткен керуендерді қошаметпен күтіп алған Шымкент жұртшылығы сахналық қойылымды тамашалады.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
Ашылуымызға бүгін мыңнан аса спортшылар келіп, оның ішінде 123 шетел азаматтары келіп отыр. Бұл бастамасы деп ойлаймыз. Болашақта бұл дәстүрлі және тұрақты әр жылы Шымкентте басталуы керек.
Жаңа ипподромда аттарға арналған манеждер, жабық стенд ғимараты және ветеринарлық блок пен қора жайлар қоса соғылған. Жарыс жолағының ұзынды 2 шақырымнан асады. Мұндағы спорт жарыстарын 1500 көрермен тамашалай алады.
Данияр Мыңбаев, қалалық ұлттық ат спорты клубының басшысы:
Көкпар алаңы стандартқа сай. Конкур бар және бәйгенің жолақтары бар. Енді 20 метр, ұзындығы 2 шақырым. Барлығы замануи талапрмен салынған. Мамандармен ақылдасқан. Сондықтан енді ұлт спорты жоғары қарқынмен дамиды деген сенімдеміз.
«Ұлы дала ойындары» жарысы бүгін көкпардан басталды. Шаһар жұртшылығы оған қоса тағы 9 түрлі ұлттық спорт түрін тамашаламақ. Жарыс үш күнге созылады.
Ғани Қалмаханов