Ұлытау облысында 136 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытау облысында 136 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

20.11.2022

Ұлытау облысында да сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Өңірде 136 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Оның 77-сі қалалық, 59-ы аудандық жерлерде орналасқан. Облыс бойынша 140 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Электораттың 60 мыңға жуығы облыс орталығында тұрады. Дауыс беру басталған алғашқы сағаттың өзінде сайлаушылардың жобамен 15 пайызы учаскелерге келіп үлгерді. Яғни, белсенділік жоғары. Таңалакеуімнен таңдау жасауға асыққан сайлаушыларға учаскелерде тиісті жағдай жасалған.

Максим Прохоров - Жезқазған қаласының тұрғыны:

Бүгін мен бірінші рет сайлауға келіп тұрмын. Бірінші рет дауыс бердім. Бүгінгі сайлаудан тек қана жақсылықтар мен үлкен үміттер күтеміз. Мен өзімнің және отбасымның болашағы үшін еліміздің тыныштығы, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі үшін даусымды бердім.

Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру барысында әзірге айтарлықтай тәртіп бұзу дерегі тіркелмегенін айтады. Үйден дауыс беремін деген сайлаушылардан өтініштер қабылданады. Олардың саны облыс бойынша 342. Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бірнеше инватакси жасақталған. Сонымен қатар Жезқазған қаласы бойынша қоғамдық көліктер күні бойы жолаушыларды тегін тасымалдайды.


Хабарламаларға жазылу