Еуропадағы қазақстандықтар да сайлауға белсене қатысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропадағы қазақстандықтар да сайлауға белсене қатысып жатыр

09.06.2019

Қарт құрлықтың астанасы, Бельгияның бас қаласы Брюссельде бүгін 200-ден астам отандасымыз дауыс береді. Сайлау учаскесі Брюссель қаласындағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында орналасқан. Қазір сайлау учаскесінен тілшіміз Нұрсұлу Қасым бізбен байланысқа шықты. Нұрсұлу, саяси науқан қалай жүріп жатыр? Қарт құрлықтағы қандастардың көңіл-күйі қалай?

Қайырлы күн, Армангүл! Армысыздар, қымбатты көрермендер! Бельгиядағы қазақстандықтардың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені, әдетте жаңбырдан жер құрғамай, үнемі түнеріп тұратын Брюссельдің аспаны да бүгін шайдай ашық. Жерлестеріміз сайлау учаскесі ашылған таңғы сағат 7-ден бастап белсенділік танытып жатыр. Алдымен елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері дауыс берді. Онан соң, Бельгияда жұмыс бабымен жүрген жерлестеріміз өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесіне ең бірінші боп келген және өмірінде тұңғыш рет сайлауға қатысып тұрған екі азамат сайлау учаскесінің арнайы сыйлығына ие болды. Соның бірі 18 жастағы студент Бейбарыс Алжирбекұлы. Ол Брюссельден 90 шақырым жердегі Льеж қаласынан келіпті. Бейбарыс, қош келдіңіз. Бүгін өміріңізде бірінші рет дауыс бердіңіз. Қандай сезімдесіз?

Бейбарыс Алжирбекұлы, студент:

Ерекше сезімдемін. Таңдау жасау мүмкіндігіне ие болу — бір жағынан үлкен қуаныш. Екіншіден, үлкен жауапкершілік. Елдің болашағы жастар дейді ғой. Мен қазір халықаралық қатынастар мамандығын игеріп жатырмын. Болашақта осы шетелде алған білімімді елімнің көркеюіне, дамуына жұмсасам деген арманым бар.

Бәрекелді. Арманыңыз орындалсын, рахмет! Қазір Бельгияда осы Бейбарыс секілді талапты, талантты 50 қазақстандық студент білім алып жатыр. Олардың барлығы бүгін өз таңдауын жасайды деген сенімдеміз. Жалпы, Брюссельдегі 241-сайлау учаскесінде дауыс беруге 200-ден астам адам тіркелген. Егер, түрлі себептермен елшілікке келе алмаймыз дегендеріне тасымалданатын жәшіктерді қолдану арқылы көшпелі сайлау ұйымдастырылатын болады. Оған жәшіктер сақадай сай тұр. Мендегі ақпарат әзірге осы. Армангүл!

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу