Химиялық құбылыстар мен ережелерді музыкамен ұштастырған мұғалім. Түркістан облысы Арыс қаласындағы Абай атындағы білім инновация лицейінің мұғалімі Асылбек Оралбек оқушылар есте сақтап қалуы тиіс тоерияларды гитараның көмегімен шәкірттер санасына сіңіріп жүр.
Бұл ән күй емес, химия сабағы. Мұғалім балаларға иондар мен атомдар туралы жаңа сабақты түсіндіріп жатыр. Химиялық ереженің ең маңызды деген тұсын балалардың жадында сіңіру үшін ән қайырмасы ретінде қайта-қайта шырқалады.
Әли Әлібек, оқушы:
Осы сабақ мен үшін өте түсінікті болды. Себебі осы сабақта баланс туралы, атом туралы, оның қандай түрде екенін олар тең болуы үшін не істеу керектігін түсіндім. Және өлеңде көптеген мағлұматтар болды.
Бұл әндердің авторы да, орындаушысы да Асылбектің өзі. Әр жолы жаңадан өтілетін тақырыпқа байланысты бір апта, он күн бұрын ойланып-толғанып, 4-5 шумақ өлең құрайды. Ал ән сазы ретінде оқушылардың қалауы бойынша ағылшынның хит әуездерінің бірін таңдап алған.
Асылбек Оралбек, химия пәнінің мұғалімі:
Шығармашылық момент бұл жерде қатты керек. Негізі үлкен бір текс бір беттік. Ол теория негізі. Соны ұйқастырып өлең етіп жібергем. Әні миыңызда жүрсе қайта-қайта еске түсе береді. Естен кетпейді.
Ізденімпаз әрі жаңашыл ұстаздарының арқасында балалардың жаратылыстану пәндеріне қызығушылығы күрт артқан. Балалар сабақтан тыс уақыттарда түрлі сынақ өткізіп, өз беттерінше тәжірибе жасауға құмар.
Мұса Мұстахим, оқушы:
Сабаққа қызығушылығымды арттырған нәрсенің бірі тәжірибе мен эксперименттерді көп жасап тұрамыз. Оны жасау міндетті деп санайды мұғаліміміз. Өйткені көрген нәрсе естігеннен гөрі жақсы есте қалады.
Қызықтыру, жарыстыру, ынталандыру, ән айту. Асылбектің сабақ өтудегі тағы бір тәсілі Марвил, Супермен, Өрмекші адам секілді мультфильм кейіпкерлерінің даусын салу.
Асылбек Оралбек, химия пәнінің мұғалімі:
Міне, осылай айтамын. Мен кәсіпқой маман емеспін. Бірақ қызық болу үшін осылай айтамын. Бәрі қарап қалады. Дауыстағы тембрді көтеріп, түсіріп. Бір сарынды өткізсең бала ұйықтап қалады ғой.
Мұғалімге қызық болмаған сабақ, оқушыға да қызықсыз. Асылбек ұстаз ретінде осы қағиданы берік ұстанады. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ол енді химиялық ереже өлеңдердің қазақша нұсқасын жазып шықпақ.
Ғани Қалмаханов