Ертең Астанада «Сайлау-2023» онлайн марафоны өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Астанада «Сайлау-2023» онлайн марафоны өтеді

18.03.2023
Ертең Астанада «Сайлау-2023» онлайн марафоны өтеді

Ертең Астанада «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Сайлау-2023» онлайн марафоны өтеді.

80-нен астам республикалық және аймақтық телеарналардың, басылымдар мен ақпараттық агенттіктерінің сайты мен әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілетін шара сағат 09:00-де басталып түнгі 01:00-ге дейін жалғасады.

Онлайн марафонға 2 мыңға жуық адам қатысады. Олардың ішінде БАҚ өкілдері, депутаттар, саясаттанушылар, министрлер, түрлі сала қызметкерлері, қоғам белсенділері мен өнер жұлдыздары бар. Жобаны еліміздегі ең танымал 18 тележурналист жүргізеді.

Шара «Дискуссия», «Дебат», «TEDx», «Экспресс-камера», «Брифинг» алаңдарынан тұрады. Арнайы құрылған сахна мен лэд-экрандар арқылы түрлі өзекті тақырыптардағы талқылаулар, жедел брифингтер, дауыс беру барысы туралы аймақтардан және шетелдерден тікелей қосылымдар жасалады. Ал сағат 00:00-де дауыс берудің алдын ала нәтижелері бойынша Exit poll қорытындысы жарияланады.

«TEDx алаңында» ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүльфия Сүлейменова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева, академик Асқар Жұмаділдаев, бүркітші Айшолпан Нұрғайып көпшілікпен ой бөліседі. «Экспресс-камера» алаңында журналистерге марафонға қатысатын 2 мыңнан астам қонақпен сұхбат жүргізуге мүмкіндік жасалады.

Онлайн марафонға қатысатын өнер жұлдыздарының қатарында Дастан Оразбеков, Гүлнұр Оразымбетова, Маржан Арапбаева, Еркеш Хасен, Мәди Сыздықов, «Алтын домбыра», «Мұра» топтары бар.

«Сайлау-2023» онлайн марафоны 19 наурыз күні Астана қаласы «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында өтеді.

Хабарламаларға жазылу