Астана мен Алматыдағы ірі қоқыс полигондарында қоқыс көлемі 13 млн тоннадан асқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана мен Алматыдағы ірі қоқыс полигондарында қоқыс көлемі 13 млн тоннадан асқан

17.03.2023

Астана мен Алматыдағы ірі қоқыс полигондарында тұрмыстық қалдықтар көлемі 13 млн тоннадан асқан. Күл-қоқыстың шамамен 20 пайызы ғана қайта өңделеді. Экологтар, мұның соңы табиғи апатқа алып келуі мүмкін деп дабыл қағып отыр. Бұл мәселенің шешімі бар ма?

Бұл – Алматы қаласынан шыққан тұрмыстық қалдықтар төгілетін ең үлкен полигон. Ресми мәліметтерге сүйенсек, мұндағы қоқыстың көлемі 12 млн тоннадан асып жығылады. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда түрлі қалдықтар бар. Солардың басым бөлігі: қағаз, шыны өнімдері және металл мен пластик сынды қайта өңдеуге жарамды заттар.

Қарасай ауданына қарасты Әйтей елдімекенінде орналасқан бұл полигонға жекеменшік компания, мемлекеттік мекемелер, жеке тұлғалар да күл-қоқысын әкеп төгеді. Сондықтан жеткізілетін қалдықтардың басым бөлігі сұрыпталмайды.

Нұрланбек Иманбеков, полигон директоры:

Күніне орта есеппен 200-300 жүк көлігі келеді. Жалпы, 1200 тоннадай қоқыс жеткізіледі тәулігіне. Оның әрқайсысын біз сұрыптауға шамамыз жетпейді. Қарап отырмаймыз.

Алматы қаласы мен облыс аумағынан жылына шамамен 1 млн тоннадан артық тұрмыстық қалдықтар жиналады. Оның басым бөлігі сұрыпталмайды. Өйткені қайта өңдейтін кәсіпорындар жетіспейді.

Дінмұхаммед Лесбеков, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:

Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Президенттің өзі де айтты қайта өңдеудің көлемін арттыруымыз керек деп. Өкінішке қарай, жергілікті билік бұған көңіл бөлмей отыр. Қоқыстың құрамында әртүрлі заттар бар. Олар топырақпен химиялық, физикалық әрекетке түсіп, жер асты суларына кері әсер ететіндігі анық.

Қалалық әкімдік пен тиісті мекеме мамандарының айтуынша, бүгінде қоқысты қайта өңдейтін зауыттар ашу көзделіп отыр. Бірақ, қашан екені белгісіз.

Әлинұр Бәкенов, Алматы қаласы Қоршаған орта және экология басқармасының бөлім басшысы:

Алматы қаласы әкімдігіне шетелдік инвесторлардан жобалар түсіп жатыр. Қазіргі таңда талдау жүргізіліп жатыр. Шамамен 3 жоба бар. Талдау жүргізіліп болған соң индустриялды аймақта салыну жоспарланып отыр.

Ал елордада бір ғана қоқыс өңдеу кешені бар. Ол қаладан жиналатын қалдықтардың 17 пайызын өңдейді. Шаһар маңындағы полигонда жиналған қоқыстың көлемі болса 1,6 млн тоннаға жеткен.

Мамандар екі қаланың қоқыс көлемін естептей келе, мынадай салыстырмалы түрдегі ерекше статистиканы жариялап отыр. Астана мен Алматыдан шығарылатын тұрмыстық қалдықтардың көлемі салмағы 174 грамм болатын – 80 миллиард ұялы телефонға пара-пар. Немесе ауырлығы 5 тонна болатын 2 млн 760 мың пілге тең.

Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар төгілетін 3 мыңнан астам полигон бар. Оған қоса заңсыз істейтін алаңдар да көбейіп барады. Мамандар бұл саладағы бақылауды күшейтіп, тез арада қайта өңдеу кәсіпорындарының санын арттыру керектігін айтады. Әйтпесе, мұның соңы экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу