Елімізде өңделмеген көксерке мен жайын балығының экспортына шектеу қойылады. Кәсіптің бұл түрімен тұрақты айналысатын Атырау өңіріндегі кооперативтердің басым көпшілігі бұл бастаманы қолдайды. Өйткені, шикізатты шетке шығару қып-қызыл шығынға ұшыратып, импортқа тәуелді етеді. Жандос Темірғали зерделеп көрді.
Сөреде көксерке болса сауданың көрігі қыза түседі. Себебі оған сұраныс жоғары. Бұл базарда балықтың басқа түрі көп. Ал Жайық-Каспий су айдынында, керісінше азайып барады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, балық миграциясы бұзылған. Теңіздің толмауы және негізгі арналардың бітелуінен көксерке 4 есе, ал қара көз 3 есе кеміген. Соның салдарынан балық зауыттары маусымда ғана жұмыс істеуге мәжбүр.
Саламат Бейсенбиев, Балық кооперативінің басшысы:
Көптеген балық керек болады. Жалғыз бізде ондай проблема емес. Ол Қазақстан бойынша балық өңдейтін қазіргі компаниялардың басты проблемасы балықтың жетпеуі.
Елімізде балық өңдеумен айналысатын 72 кәсіпорын бар. Оның 17-сі еуро стандартқа сай жұмыс істейді. Жыл сайын 25 мың тонна балық шекара асады. Оның тең жартысынан көбі шикізат күйінде экспортталады. Кейін өзімізге дайын тауар болып, біренше есе қымбатқа сатылса да, кейбір кәсіпкерлер эқспортқа қатысты шешіммен келіспейді.
Луиза Колузанова, Балық шаруашылығы қауымдастығының жетекшісі:
Әзірге тек көксерке мен жайынға шектеу қояды деді. Бірақ тыйым мұнымен тоқтамайтын сыңайлы. Мәселені өңірге келген министрлерге де жеткізіп жүрміз. Мұздатылған балықты экспортауға шектеу қоюға қарсымыз.
Көксерке мен жайын балығының экспортына шектеу әзірге 6 айға қойылады. Бұл өзен-көлдегі су маржандарын сақтап, ішкі нарықты балық өнімімен қамту үшін қабылданған шара.
Аян Бахиянов, ҚР Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
Алдағы уақытта саты-сатымен осы балық түрлерінің тізімі ұлғаятын болады. Бүгінгі таңда көксерке мен жайын болып жатса, ертең сазан балығы басқа да шикізат ретінде кетіп жатқан балықтар алдағы уақытта соларға да тыйым салынады.
Экспорттан бөлек, балық шаруашылығын әртараптандыру да өзекті мәселе. Енді кооперативтер тоғанға тауарлы балық өсіруді қолға алмақ. Осы бағытта қазір 9 пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Ал, табаны таязданған Жайық-Каспий бассейні биыл қазылады деген жоспар бар. Ол үшін республикалық бюджеттен 15 млрд теңге қаралған.
Жандос Темірғали