Ұлттың ұйытқысы – Ұлттық құрылтай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттың ұйытқысы – Ұлттық құрылтай

16.03.2023

Мемлекет басшысы халыққа жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Ондағы мақсат - қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыру. Президент жарлыққа қол қойып, алғашқы отырысы жаңадан құрылған облыс - Ұлытауда өтті. Бір жылға жуық уақыт аралығында құрылтай несімен ерекшеленді? Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Ұлттық құрылтай - қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырған, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналды. Бұл қоғамды одан әрі ұйыстыру жолында идеялар ұсынуға және оны жүзеге асыруға бағытталған диалог алаңы. Оның құрамында 117 адам бар. Құрылтайға парламент депутаттары, саяси партиялардың, қоғамдық кеңестердің, кәсіпкерлер, білім, медицина, мәдениет, адам құқықтарын қорғау саласының өкілдері мен белсенді жастар мүше болды.

Талғат Қалиев, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Кейбіреулер оны ұлттық кеңеспен шатастырып жатады. Ұлттық кеңес деген ол тек ғана саяси, экономикалы, әлеуметтік реформа жайлы еді. Қазіргі тез-тез жасайтын өзгерістер сол туралы. Ал, құрылтай деген ұзақ мерзімді, үлкен, терең өзгерістер.

Құрылтайда жалпыұлттық құндылықтар, руханият, бірлік тақырыптары талқыланып, ұзақмерзімді сипаттағы бағдар айқындалады. Ұлытаудағы алғашқы отырыста көптеген мәселелер қамтылды. Қазірдің өзінде құрылтай аясында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Серік Ақылбай, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Топ-тобымен отырыстар жүріп жатыр. Мысалы, мен сол заңгерлер тобына кірдім. Заңгерлерде бөлек отырыс болды. Басқа топтарда жүріп жатыр. Және Президент айтып кетті жазда Түркістанда кездесеміз деп. Оған дейін жұмыстар жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы жолдауда құрылтайға арналған қосымша жасауды тапсырған. Былтырғы жылдың аяғында «Quryltai» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшаға түскен ұсыныстар халықтың дауыс беруіне шығарылады және ең көп дауыс жинаған ұсыныстар Ұлттық құрылтайдың алдағы отырыстарының күн тәртібіне енгізіледі.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу