Биыл бюджет түсімі 1,5 трлн теңгеге ұлғаяды. Тапшылық Жалпы Ішкі Өнімге 2,7% деңгейінде сақталды. Сенатта 2023 жылға арналған республикалық бюджетті таныстыру кезінде қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осылай деді. Бюджет шығыстары 22,5 трлн. теңге көлемінде болады деп жоспарланған. Ақша қай бағыттарға жұмсалады? Тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы эфирге айтып берсін.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Иа, Дархан Қаржының 2 трлн теңгесі мемлекет басшысының Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасындағы бастамаларға бағытталмақ. Яғни, өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, сондай-ақ, әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына көзделген шығыстар. Сонымен қоса, соңғы кезде үлкен проблемаға айналған жылумен жабдықтау және энергетика саласына 144 млрд теңге қарастырылған. Экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн. теңге көзделген. Әлеуметтік саланың шығыстары 298 млрд. теңгеге ұлғайып бюджеттің жалпы шығыстарының 37,5%-іне жетеді. Өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн. теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 32% бағытталады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қаржыны тәртіппен және ақылмен жұмсау керектігін тағы еске салды. Қазір ұлттық қордың көлемін 100 млрд долларға жеткізу туралы Президенттің тапсырмасы бар. Алайда, біздің қорымыз 73-тен 57 млрд долларға дейін азайып кеткен. Сондықтан қазынаға жөнсіз қол сұғуды доғарып, керісінше, оны толықтыру бағытында жұмыс істеу керек деді. Құжат бүгін Сенаттың бірінші оқылымында қабылданды.
Оңғар Алпысбайұлы