Биыл Темірбек Жүргеновтың туғанына - 125 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Темірбек Жүргеновтың туғанына - 125 жыл

15.03.2023

Биыл қазақ өнерінің негізін салушы Темірбек Жүргеновтың туғанына – 125 жыл толды. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен республиканың барлық аймағында, мемлекет қайраткерінің мерейтойы атап өтіледі. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркі әлемінде 2023-ші жыл Жүргенов жылы болып жарияланған еді.

Темірбек Жүргеновтың өмір жолы дәл осы «Комиссар Жүргенов» романда баяндалады. Оның өскен ортасы, ел игілі үшін жасаған жанқиярлық ерлігі мен қуғын-сүргінге түскен отбасының ахуалы баяндалады. Қайраткердің еңбектерін насихаттаудың бұл бастамасы ғана дейді бүгінгі шараның басы-қасында жүргендер. Олар жыл соңына дейін республика көлемінде 100-ге жуық шара өткізбекші.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Келесі аптадан бастап Қазақстанның барлық аймақтарында ірі шаралар басталып кетеді. Негізгі мақсаттарымыздың бірі – осы Темірбек Жүргенов сияқты ұлы тұлғаларымыздың есімін, еңбектерін ұлықтау мақсатында қабылданған шаралар деп түсінуге болады.

Мерейтойлық іс-шарада қайраткер өміріне арнайы кітап көрмесі жасақталған. Мұнда Темірбек Жүргеновтың образын суреттейтін материалдар қойылды. Зиялы қауым өкілдері саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне арнаған тұлғаға құрмет көрсету - бізге міндет дейді.

Смағұл Елубай, Жазушы, Қазақстанның Еңбек Сіңірген Қайраткері:

Халықтың мәдениет саласындағы басы болған, 10 жылдай басы болған, «Темір комиссар» атанған, қатал талап қоятын ұйымдастырушылық қабілеті өте мықты болған адам ғой.

Темірбек Жүргенов Халық ағарту комиссары болған жылдары, ел ішінде ең іргелі жоғары оқу орындары, өнер мекемелері, кәсіптік техникумдар мен мыңдаған мектептер бой көтерген. Сондай-ақ, зұлмат жылдардан кейін ұлттық өнердің жаңа тынысы ашылды.

Сәби Аңсат, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы:

Рухы өлмеген қазақ деген рух барын, ешбір ұлттан кем емес қазақтың мәдениетінің барын, әдебиетінің барын, өнерінің барын паш етті. Сталин бастаған сол кездегі билік 1931-1933 жылдары Қазақстанға жасалған мемлекеттік террорды іштей мойындап, Ресейдің құрамында автономия болып тұрған жағдайымыздан, статустан Ресейдің құрамынан шығып, КСРО-ның құрамындағы ҚазССР болып жарияландық.

Концерттік бағдарламаға ұласқан шарада, қайраткердің 1933-1937 жылдар аралығында атқарған жұмыстарына шолу жасалды. Мұндай танымдық шараның мақсаты - қазақ мәдениеті мен білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан Темірбек Жүргеновтың еңбегін көпшілікке насихаттау дейді ұйымдастырушылар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу