БҚО-да 54 үйді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да 54 үйді су басты

15.03.2023

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында жолды су басып, 9 елді мекенде көлік қатынасы үзілді. Сырым ауданында өзен суы үйге кіріп, кесек мұз үй-жай мен қора-қопсыны бұзды. Аймақта Орал қаласы мен Бөрлі, Бәйтерек, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Сырым ауданында Өлеңті өзені тасып, мынадай ірі кесек мұздар жағаға шығып қалған. Көрініске ерекше құбылыс болғанымен, көпір бұзылып, қора-жай қирап, халыққа кесірі тиді. Мұздың қалыңдығы бастапқыда жарты метрге дейін жеткенімен, қазір еріп, шөгіп жатыр.

Өзен суы таң ата арнасынан асқан. Жағаға шыққан сең үй-жай мен газ құбырын зақымдаған. Жымпиты мен Өлеңті ауылында екі-үш пәтерлік 5 үй суға кетті.

Қанат Кәкімов, Өлеңті ауылының тұрғыны:

10-15 мин ішінде сең келіп, тас-талқанын шығарған. Үйге кеп тұрған газ бүлінді, жазғы сарайым кетті, мына көрші апамыздың сарайы кетті, міне. Үйге су кірді. Газымызды жөндесін, үйімізді комиссия тексеріп қарасын, жарамды ма, жарамсыз ба. Сұрайтынымыз сол.

Шыныбек Қажымұқанов, Өлеңті ауылының тұрғыны:

Сырттан табалдырықтан кірді. Мынау толғанда мына етікке де кіріп кетті. Содан бүкіл үйге жағалады. Әрі қарай біз кіре алмай қалдық. Мыналарды алып үлгере алмай қалдық. Қалды олар. Мына жақ шылқып кетті. Жігіттер кеп, тоңазытқышты көтеріп берді. Осы жерде 40 жыл тұрдым. Мұндайды көрмедім.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қазір біз Қаратөбе ауданы Қалдығайты өзенінің бойында тұрмыз. Мұнда Жымпиты-Қаратөбе тасжолын су шайып, бөген бұзылған. Арғы жақта 9 елді мекен қалды. Ал ауыл адамдары осылай қайықпен қатынап жүр.

Арғы беттегі үш ауылдық округте 3 мыңға жуық адам тұрады. Аудан орталығымен байланыстыратын өткелде атыраулық құтқарушылар күні-түн халықты бергі бетке өткізіп жатыр.

Ғабит Наурызалин, Ақтайсай ауылының тұрғыны:

Таңғы 5-те шығып, жаңа шақ жеттік. Жолдағы грейдерді 3 жерден шайып еткен. 11-інен бері қатынас жоқ. Жаңа кеп тұрмыз. Үйге су кіре қойған жоқ. Сай қоршап тұр ауылды. Қатынас қиындап, тамағымыз да таусылып жатыр. Көмек көрсететін болар.

Тасқыннан қауіп төнген бойда Қоржын ауылынан 21 адам аудандық ауруханаға жеткізілді. Олардың төртеуі жүкті әйел, 8-і бала. Екі әйел перзентханада ем алып жатыр. Тағы екеуінің айы-күні жетіп, облыстық перинаталдық орталыққа жіберілді.

Жадыра Аққалиева, Қоржын ауыл тұрғыны:

Балалы әйелдерді, біздерді осында тікұшақпен алып келіп жеткізді. Уақытымен ем-дом көрсетіп осы аудандық аурухананың дәрігерлері. Кішкентайым да қызулап, ауырып келген болатын. Оған да уақытында ем жасап, бүгін үйге шығарды. Жағдайымыз жақсы.

Өңірде жағдай күрделі. Қала мен 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қауіпті аумақтардан 232 адам эвакуацияланды. Бөрлі ауданында 54 үй суда қалды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу