Ұшақта музыкалық аспаптарды сындырып алу жағдайы жиіледі
Кейінгі уақытта ұшаққа мінемін деп музыкалық аспаптарын сындырып алу жағдайы жиіледі. Әсіресе, эстрада өкілдері әлеуметтік желіде жазып, наразылық білдіруде. Яғни, домбырасын немесе гитарасын жүк салғышқа салып, кейін қираған күйі алып жатыр. Мұндай жағдайда қайтпек керек?
«Енді не істейміз?» деген жырмен танылған Айшолпан, енді не істерін білмей жүр. Ұшаққа мінемін деп, домбырасын екінші рет сындырып алған.
Айшолпан Төлеутай, айтыскер ақын:
Біз сындырмай өзіңізге тапсыруға уәде береміз деп домбырама әйнек дегенді жабыстырып берді. Алматыда домбырамды күтіп алғанда сынып шықты мойыны. Домбырам млн тұрады. Енді оны өтей ма, өтемей ма бір құдай біледі.
Әнді әуелетуге арналған аспаптарын әуеге әкете алмағандардың бірі – әнші, Роза Әлқожа. Ол да әуе компаниялардың талап-шартына наразы.
Роза Әлқожа, әнші:
Астанадан-Шымкентке ұшайын десек, домбыра мен гитараны алуға болмайды дейді қолға. Домбыраны алайық, сиады ғой десек, жоқ бізде ондай заң жоқ жүкке өткізесіздер дейді. Қалай десек, домбыраға 7 мың, гитараға 7 мың төле дейді.
Ұшаққа жүкті қабылдау тәртібі әр жерде әртүрлі. Негізгі айырмашылық –аспаптың көлемінде.
Эльвира Нұрбаева, әуе компаниясының менеджері:
Гитара,домбыра сияқты аспаптарды қол жүгі ретінде рәсімдеуге болады. Арнайы футляр ішінде болғаны абзал. Егер музыкалық аспап виолончель сияқты үлкендікте болса жолаушы билет алар кезде қосымша аспабы үшін қосымша орын алу керек.
Жалпы еліміздегі әуе компанияларына жүкті, оның ішінде музыкалық аспаптарды тасымалдауға қатысты ортақ талап немес заң жоқ. Әр компания ұшақтарының техникалық мүмкіндіктеріне қарай өз бетінше шешім қабылдайды.
Әділет Көбенов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Халықаралық әуе қатынасын реттеу басқармасының басшысы:
Егер тасымалдау кезінде жолаушы қандайда бір ақауды анықтаған жағдайда сол мезетте авиа компанияның өкілімен бірге жүктің ақауы туралы тиісті актіні толтыру керек. Сол құжаттың негізінде шығындарын талап етуге құқығы бар.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Бірақ, көп жағдайда өнерпаздар аспаптың шығынын өтеу үшін арызданып жатпайды екен. Бәлкім, салғырттық немесе уақыт тапшы. Негізінде домбыраның құны емес, қадірі қымбат болса керек.
Азамат Бейбітұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
