Есірткімен күресте екпін керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есірткімен күресте екпін керек

14.03.2023

Елде халықты наркологиялық скринингтен өткізу басталуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі осындай ұсыныс дайындап жатыр. Жалпы есірткімен күрес жұмыстары мүлде басқа бағытта жүргізілмек. Үкімет отырысында Марат Ахметжанов осылай деді. Министрлік өзге органдармен бірлесіп, есірткімен күресу шараларының 3 жылдық жоспарын әзірлеген. Жаңа құжатта жауапты ведомсвоның ғана емес әкімдіктер, денсаулық сақтау министрлігі сияқты басқа да органдардың жұмыстары нақты көрсетілген. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Былтыр бір жылдың ішінде еліміз бойынша 3 мыңға жуық есірткіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оның 60 пайызы есірткіні сату. 4 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Осындай қылмыс жасады деген 108 адам әлі күнге іздеуде жүр. 70 жасырын есірткі зертханасы жойылды. Жалпы 16 тонна есірткі тәркіленді. Былай қарағанда қыруар жұмыс атқарылғандай көрінеді. Алайда бұл себебімен емес салдарымен күрестің нәтижесі. Ішкі істер министрі мұны өзі де мойындап отыр.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Бүгінгі күнге дейін нашақорлықтың профилактикасы әлсіреп кеткенін ашық айту керек. Ішкі істер министрлігі тек қылмыстық қудалаумен айналысып, басты мақсат жазалау болды. Уәкілетті орган мәртебесі ретінде үйлестіру міндеті екінші органға кетті.

Ресми статистика бойынша қазір психоактивті заттарға тәуелді 108 мың адам динамикалық бақылауда тұр. Бұл медициналық көмекке жүгінгендердің ғана саны. Шынайы статистика бұдан 5 есе көп болуы мүмкін дейді министр. Есірткіге еліткендердің нақты санын анықтау үшін халықты тұрақты скринингтен өткізіп тұру туралы ұсыныс бар құжатта.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

Болашақта профилактикалық медициналық тексеруден өту кезінде жұмыс істейтін жастарға, қоғамдық көлік жүргізушілеріне, құқық қорғау органдары және әскери қызметшілер сияқты рекреттелген топтарда скрининг жүргізуге арналған заңнаманы қарастыру жоспарланған.

Түрлі зерттеулердің нәтижесі бойынша есірткі тұтынуды енді бастаған адамдардың 95 пайызын емдеп алуға болады. Сондықтан скринингтің бұл бағытта үлесі мол болмақ. Технология дамыған сайын есірткі сатудың жолдары да күрделеніп барады. Түрлі сайттар мен боттар қылмыстық топтар үшін қауіпсіз құралға айналған. Әсіресе бағасы арзан, әсері орасан синтетикалық есірткінің саудасы цифрлық жүйеге көшкен.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Синтетикалық есірткі жылдан жылға қолжетімді болып барады. Осыған байланысты тиісті уәкілетті органдар есірткі сайттарын және осыған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру жөнінде тиісті шараларды қабылдауы қажет.

Жыл басынан бері есірткі сататын 600 ден астам сайт бұғатталған. Алайда жаңа сайт ашу оңай, оны қайта анықтау қиямет. Сондықтан, жасанды интелект жүйесін іске қосу да жоспарда бар. Ішкі істер министрлігі жоспар жүзеге асса алдын алу, емдеу және қылмысты әшкерелеу жұмыстары едәуір жеңілдер еді дейді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу