Сайлау - 2023: Үгіт-насихат науқаны аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау - 2023: Үгіт-насихат науқаны аяқталуға жақын

14.03.2023

Мәжіліс және мәсихат депутатығына кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси ұйымдардың басым көпшілігі Маңыстау облысы мен оңтүстік өңірдегі аймақтарды аралап жүр. Ал, кейбір партия бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарының есебін талқылады.

«Amanat» партиясының Төрағасы бастағын штаб өкілдері Маңғыстау облысындағы «Амал» мерекесіне қатысты. «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің алаңында болған шараға 10 мыңнан астам адам келген. Жұртшылыққа саяси науқанның маңызымен қатар, сот-құқықтық жүйелеріндегі түбегейлі өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

«Амалды» жаңарудың, жаңғырудың айы дейміз. Мемлекет басшысы былтырғы тарихи жолдауын да дәл осы Амал күндері жария еткен болатын. Ендеше, еліміздегі саяси жаңғыру мен оң өзгерістер сол қасиетті күннен бастау алды десек те болады.

«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Сыр елінде жалғастырды. Кандидаттар Ақжарма ауылына барды. Сырдария ауданына қарасты бұл елдімекендегі, күріш өсіріп-өңдейтін кәсіпорын ұжымымен кездесті. Еңбеккерлерге партияның тұғырнамасын түсіндірді. Онан соң, облыс орталығында сайлаушыларымен кездесіп, сұрақ-жауап форматында жиналыс өткізді. Кейін делегация мүшелері қаладағы жеке меншік мектептердің біріне барып, мерекелік шараға қатысты.

Наталья Мишукова, кәсіпкер:

Елімізді көтеру үшін, білім көтерілу керек. Білім көтерілген жағдайда барлық сала дамиды. Биылғы сайлаудың ерекшелігі өзім танитын мықты кісілер осы сайлауға қатысуда. Сайлау нәтижесінде жазылған бағдарламалар толық орындалса екен деген ойым бар.

Ал, «Respublica» партиясының үгіт-насихат жұмыстары Маңғыстау облысында жалғасып жатыр. Бүгінгі жүздесулер әуелі сауда үйлерінен басталды. Партия өкілдері қаладағы бірнеше базарды аралап, саудагерлермен тілдесті. Сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, саяси науқанға қатысуға шақырды. Сондай-ақ саяси ұйым мүшелері мұнай-газ өндірісімен айналысатын кәсіпорынға бас сұқты. Жұмысшылармен пікір алмасып, өндіріс саласындағы мәселер жайын талқылады.

Нұржігіт Нұрболатұлы, «Respublica» партиясы маңғыстау облыстық филиалының төрағасы:

13-14 наурызда Маңғыстау өңірінде болып, осы жерде сайлауалды насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кеше Отпантауға барып, ақсақалдармен, халықпен, елмен көрісіп, амандасып келді. Барлығы екі күннің ішінде шамамен екі мыңға жуық адамға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

«Қазақстан халық» партиясының өкілдері сәулетшілермен кездесті. Жиын «Алматы бас жоспары» ұйымының кеңсесінде өтті. Мекеме 2009 жылы құрылған. Ондағы қызметкерлер қаладағы тұрғын үй, бизнес-орталықтар, мәдениет пен спорт нысандарын, демалыс орындарының ғимараттарын жобалаумен айналысады. Кандидаттар оларға өз тұғырнамасын түсіндіріп, мегаполистің даму қарқынын талқылады.

Тұрар Рысқұлов, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:

Дәрігерлермен, мұғалімдермен және байкерлерменде кездесу болған. Сондай-ақ спорттық марафон өткен болатын ол жерде спортшылардың арасында үгіт-насихат жүргізіп сайлауалды бағдарламамызбен таныстырған болатынбыз.

«Байтақ» жасылдар партиясының республикалық штабы шырайлы Шымкентте көрісу күніне арналған іс-шараға қатысты. Мерекеге «Абай-Жидебай» халқаралық қоғамдық қоры мұрындық болды. Түлкібас ауданындағы іс-шара аясында халық бір-бірімен көрісіп, қыстан аман-есен шыққандарына қуанып, қауышты. Саяси ұйым өкілдері «амал күнінде» жиналғандармен әңгімелесіп, алдағы науқан төңірегенде пікір алмасты.

Қайрат Айтбай, «Байтақ» жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы:

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Семейден келіп жатыр. Атыраудан келіп жатыр. Қызылордадан келіп жатыр. Түркістаннан келіп жатыр. Жамбыл, Тараздан келіп жатыр. Өзіміздің бағдарламамызды түсіндіріп жүрміз. Ел-жұрттың көңілі көтеріңкі. Сайлауға деген дайындықтары өте жақсы.

«Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаттары үгіт-насихат жұмысымен Маңғыстау өңірін аралады. Бүгін аймақтағылар Амал мерекесін атап өтіп жатыр. Көрісу күнінде үміткерлер халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бірнеше еңбек ұжымына барып, алдағы сайлаудың мән-маңызын түсіндірді. Мұнан соң, спорт мектебінде жаттықтырушылармен кездесті.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

«Ақ жол» партиясының сайлауалды штабының мүшелері міне киелі Маңғыстау жеріне келіп, Амал күнін Жаңаөзендегі халық арасында қарсы алуды жөн болады деп шештік. Бірнеше кәсіпорынды аралап шығып еңбек ұжымдарымен кездесіп, көрісу күнімен құттықтап,бір-бірімізді құттықтап, бір-бірімізге жақсы тілек айтып.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының республикалық штабында жиын өтті. Саяси ұйым мүшелері жұмыстарының аралық қорытындысын шығарды. Аймақтардағы штаб басшыларымен байланысып, алдағы күндердің жоспарын айқындады. Жалпы партияның үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асыруға мыңнан астам волонтер жұмылдырылған. Бүгінге дейін депутаттыққа кандидаттар 600-ге жуық іс-шара өткіздген.

Мақсұт Насибулов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының мүшесі:

Сайлау уақытына дейін аз уақыт қалды. Өте қарқынды жұмыс жасап жатырмыз. Оффлайннан бөлек, жете алмаған ауыл аймақтармен тікелей эфирде сұхбат жүргіземіз, кездесулер. Ерекше атап өткім келгені, ол біздің волонтерлер мен белсенділер. Бүкіл аймақтарда парақшаларымызды іліп, таратып үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу