Ақтөбе облысында жолды су шайып ауданаралық жол учаскелері уақытша жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында жолды су шайып ауданаралық жол учаскелері уақытша жабылды

13.03.2023

Ал Ақтөбе облысының Темір, Мұғалжар және Шалқар ауданында жолды су шайып, ауданаралық жол учаскелері уақытша жабылды. Күннің күрт жылынуы салдарынан облыс орталығының халқы да әуреге түсті. Қарғын су тіпті, көп қабатты үш үйдің жертелөсіне кірген.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Еріген қар суы кейбір көп қабатты үйлерге де қауіп төндірді.Мәселен, өткен түнде мына үйдің жертөлесіне су тола бастаған.Тұрғындар өз күштерімен құм толы қапшықтармен судың жолын бөгеді. Дегенмен, қазір бұл нысанға кіру мүмкін емес.

Тұрмағамбетов көшесіндегі бес қабатты үйдің тұрғындары түні бойы дамыл таппаған. Көмек сұрап, жауапы мекемелерге сан мәрте хабарласыпты.

Жадыра Нұрғалиева, қала тұрғыны:

Мына жерден шелекпен, қапшықпен балалар ойнайтын жерден песок тасыдық бәріміз. Көмек болмай жатыр. Бүгін де ешкім келген жоқ.

Ал мына тоғыз қабатты үй бұл таяуда ғана қолданысқа берілген. Жертөлесі қырдан келген қар суына толып кетіпті. Ал, аудандарда жағдай тіпті күрделі. Қарғын судан Ойыл, Қобда, Мұғалжар және Темір ауданының тұрғындары әбігер болды.

Марғұлан Аманбаев, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Биыл тоң қалың.Кейбір жерлерде 1 метр болса, кейбір аймақтарда бір метр, жиырма сантиметр. Ол қар жерге сіңбейді. Жердің үстімен жүріп, өзектерге құяды. Дамбалар көтерілді, тазарту, тереңдету жұмыстары жүргізілді.

Ойыл ауданында екі ауыл арасындағы жолды су шайды. Қотыртас пен Мөңке би ауылы және Шалқар мен Ембі қаласын қосатын жолда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Дегенмен, бүгін жағдай реттелген. Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу