Елде күйеуінен әлімжеттік көрген әйелдер саны соңғы үш жылда 25 пайыздан асқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде күйеуінен әлімжеттік көрген әйелдер саны соңғы үш жылда 25 пайыздан асқан

12.03.2023

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Батыл әйел" халықаралық сыйлығымен марапатталды. Марапаттау рәсімі 8 наурыз күні Вашингтондағы Ақ үйде өтті. Бақытжан Төреғожина 25 жыл бойы адам құқығын қорғаумен айналысып келеді. Өткен жылдан бастап, қаңтардағы оқиғадан жапа шеккендерге көмек беріп, ақпаратты құжаттаумен шұғылданып жүр. Ал «Батыл әйел» сыйлығы 2007 жылдан бері кәсібін адал атқарып, қайраткерлік көрсеткен қыз-келіншектерге беріледі. Бүгінге дейін 80 елден 180 әйел иеленген. Соның үшеуі Қазақстандық. 2018 жылы адвокат Айман Омарова, 2020 жылы Сайрагүл Сауытбай марапатталған. Осы тұста үш бірдей азаматымыздың аталған сыйлықты алуы қуанатын дүние әлде ойлантуы тиіс пе деген сұрақ туады. Өйткені, бұл гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғаушыларға берілетін марапат. Демек, әйел құқығы көп бұзылатын елдердің сыйлықты алу ықтималдығы жоғары. Ал қазіргі қазақ әйелінің қоғамдағы орны қандай?

Ресми мәліметке сенсек, өткен жылы Біріккен ұлттар ұйымының «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингінде Қазақстан алдыңғы жылдан 15 саты көтеріліп, 146 елдің ішінде 65-ші орынға тұрақтаған. Бұл гендерлік даму саласындағы реформалар нәтижесі, - деді жауаптылар. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі 2010 жылы 52,7 пайыз болса, былтыр 55,4 пайызға жеткен. Бірақ, бұл да аса қуанатындай цифр емес. 

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан әйелдердің кәсіппен айналысуына, сүйікті ісімен шұғылдануына жағдай жасалып келеді. Бірақ, әлі де түйінін таппаған бір мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Статистика бойынша соңғы үш жылда күйеуінен әлімжеттік көрген әйелдер саны 25 пайыздан асқан. Мұның себебі неде? Жалпы, қазіргі Қазақстан қоғамындағы әйел мәртебесі қандай? 

Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлуы», Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Мүсіреповтің «Ұлпаны», Жүсіпбектің «Ақбілегі» мен Майлиннің «Күлпашы». Бұл шығармалардың қай қайсысы да қазақ қоғамындағы әйел тағдырын суреттеп, әйел бейнесі қандай болуы керегін айшықтайды. Алайда қазақ қыздарының осы шығармаларда жазылғандай өмірі қазір өзгерді ме?

Камал Әлпейісова, жазушы, Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бұрынғы мүшесі:

Мұхтар Әуезовтің ең алғашқы мақаласы «Адамдық негізі әйел» деп аталады. 1917 жылы жазылған. Оның ішінде бір сөз бар: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Қаншама мінберге шығып сөз сөйлеушілер, жиналыстарда баяндама жасаушылар, Әуезовтің сол мақаласының осы сөзін жұлып алады да, ар жағын айтпайды. Ар жағындағы бесігіңді түзейін десең әйелдің тағдыр тариқатын түзе, мына бықсықтан әйелді босат.

Әсел Асылбекова, дағдарыс орталығының психологы:

Осында түскен әйелдер әр түрлі проблемасымен түседі. Сен әйелсің әйел адам екінші болу керек. Ер адам айтқаны заң. Және ол жерде мысалы, әйел адам шыдап жүре береді соған. Бірақ, шыдаудың да шегі бар.

Мұнда әйелдер 6 ай болады. Осы уақытта оларға психологиялық көмек беріледі. Ал, психолог Ержан Мырзабаев негізі әйелді емес, ерлерді тәрбиелеу керек деген пікірде.

Ержан Мырзабаев, психолог:

Егер әйелге алған травмадан шығу үшін қысқа мерзім қажет болатын болса, сол травманы жасаған, агрессия көрсеткен ер адамға психолог көбірек қажет. Өйткені, ер азаматтың зорлық-зомбылық көрсетуі деген сөз, әйелді өзінің теңі ретінде көрмеуден туындайды.

Психологтың сөзін адвокат Айман Омарова да қостады. Оның ойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту қажет.

Айман Омарова, заңгер, «Батыл әйел» халықаралық сыйлығының иегері:

Зорлық-зомбылық деген ол қылмыс. Ал бізде әкімшілік жаза. Соның өзі менің ойымша гендерлік баланс деген жоқ деген сөз. Егер де мына зорлық-зомбылықты қылмыс деп санамасақ, тек қана әкімшілік жазаға тартатын болсақ, қылмыс көбейіп жатыр.

Ержан Мырзабаев, психолог:

Конституция тұрғысынан, заң тұрғысынан әйел құқығын шектейтін ешқандай норма жоқ. Бірақ, қағазда жазылған заңдылықтар іс-жүзіне келген кезде сақталмайды. Мысалы, адамды ұру қылмыс па, қылмыс. Бірақ, күйеуі әйелін ұрып, әйел полицияға шағымданған кезде полиция қызметкері не дейді, не қыласың күйеуің ғой.

Әйелдердің құқығын талап етуге кедергі келтіретін нормалар да бар екен.

Айман Омарова, заңгер, «Батыл әйел» халықаралық сыйлығының иегері:

Зорлық болған кезде әйелден сондай қолхат алады да, ешқашанда жалған көрсетім бермеймін дейді, арызда сондай жауапкершілігі барда. Ал, енді көп әйел біледі ғой дәлелдей алмай қалса, жауапкершілік бар деп, көп әйел жазбайды. Негізі ол дұрыс емес. Себебі, тергеуші дұрыс тергемейді немесе квалификациясы төмен болады, істі жабады ғой. Сол кезде жәбірленуші тарапынан жалған арыз болды деп шыға келеді.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу