Грузиядағы шеру: Парламент «шетел агенті» туралы заңды қабылдамады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грузиядағы шеру: Парламент «шетел агенті» туралы заңды қабылдамады

12.03.2023

Әлем назары осы апта Грузияда болды. Халық "Шетел агенті" туралы заң жобасына қарсылық білдіріп, жаппай шерулерге шыққан. Құжатқа сай, бюджетінің 20 пайызын өзге елдерден алатын ұйымдар ресми түрде «шетелдік агент» ретінде тіркелуге тиіс. Болмаса, айыппұл салынады. Алғашында аталған құжатты наурыздың 7-де Парламент бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Бұған қарсылық ретінде Грузия астанасы Тбилисиде ондаған мың адам шеруге шықты. Олар үш күн бойы тарқамай, үкіметтің отставкаға кетуін, кезектен тыс сайлау өткізуді талап етті. Құжат Еуропа одағының ережелеріне қайшы, елді авторитаризмге итермелейді және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына кедергі келтіреді, - дейді шеруге шыққандар.

Вахтанг Берикашвили, шеруге қатысушы:

Шеру Грузия үкіметі ұлтымызға, күллі халыққа өтірік айтуға шешім қабылдағанда басталды. Заң жобасын екі күн бойы талқыға саламыз деп айтып, ресми түрде "5 минутта" талқылап тастады. Ал шеру еш дайындықсыз басталды.

Михеил Гвадзабия, журналист:

Биліктегі партия мен басқарушы көпшіліктің шынайы ниеті анық. Олар дәл Ресейдегідей медиа ұйымдардың алдымен беделін түсіріп, әлсіретіп, кейін мүлдем жабуды көздейді.

Бұдан соң заң жобасын ұсынған "Грузия арманы" партиясы одан бас тартуға мәжбүр болды. Парламент екінші оқылымда "шетел агенті" туралы заңды мүлдем қабылдамай тастады. Биліктегі партия құжат арқылы елде жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарды кім қаржыландыратынын білуге мүмкіндік болады деп пайымдаған еді. Тіпті, толқулар басылғаннан кейін заң жобасының маңызын қоғамға түсіндіруге де талпынды. Ал кейбір сарапшылардың пікірінше, "билік тактикалық тұрғыдан жеңілгенімен, страгиялық жағынан өзгермейді. Сол себепті саяси дағдарыс аяқталды деп айтуға әлі ерте".

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу