Ә.Смайылов: Отандық өнімге жан-жақты қолдау көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ә.Смайылов: Отандық өнімге жан-жақты қолдау көрсетіледі

10.03.2023

Индустриялық жобалар – ел экономикасы үшін аса маңызды. Алматыға жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осылай деді. Премьер-Министр мегаполистегі өндіріс нысандарының жұмысымен және құрылысымен танысты. Сондай-ақ, шағын өнеркәсіп парктері мен қаладағы индустриялық аймақ резиденттерімен кездесу өткізді.

Алдымен Үкімет басшысы Жолаушылар, жүк және мамандандырылған техника шығаратын кәсіпорынды аралады. Әлихан Смайылов зауыт қала үшін ғана емес, ел үшін маңызды екенін атап өтті. Алматы әкімдігі мектепке оқушыларды тасымалдауға осы орталықтан 100 жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр.

Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» компаниясының бас директоры:

Осы жылға біз 500-ге жуық автобус шығарайын деп отырмыз. Және 500-ге жуық Hyundaі автокөліктерін шығарайын деп отырмыз.

Одан әрі Үкімет басшысы Қазақстандағы алғашқы алюминий және биметалл жылу радиаторларын шығаратын зауыт құрылысымен танысты. Бірінші кезеңде кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 7 млн радиатордан асса, толық іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 15 млн-ға жетпек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Біз жалпы былтыр 150 индустриалдық жобаны іске асырған болатынбыз. Соның ішінде 2 млрд долларды құрайтын, импортты алмастыратын өнім. Биыл бұл жобалардың санын 170-ке дейін ұлғайтамыз. Және 2,9 млрд доллар өніммен импортты алмастыратын боламыз. 

Сондай-ақ Әлихан Смайылов шағын өнеркәсіп парктері мен индустриялық аймақтың резиденттерімен кездесті. Пікір алмасты. Үкім басшысы қашанда отандық өнімге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

48% кәсіпкерлікте әйелдер. Сондықтан әйелдерді қолдау мәселесі, соның ішінде әсіресе көп балалы аналарды қолдау мәселесі өте маңызды. Үкімет тарапынан ары қарай мұндай қолдауды тек еңейтетін боламыз. 

Үкімет басшысы Алматыға сапары аясында 350 төсегі бар ғылыми зерттеу орталығының құрылысымен танысты. Инфекциялық ауруларды зерттеу және емдеу орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сондай-ақ, қаладағы күніне 700 адамды қабылдай алатын спорт кешеніне де ат басын бұрып спортшыларға сәттілік тіледі.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу