Бельгияда жалпыұлттық ереуіл өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда жалпыұлттық ереуіл өтіп жатыр

10.03.2023

Бельгияда бүгін жалпыұлттық ереуіл. Мемлекеттік сектор қызметкерлері жұмысты қойып, наразылық акциясын ұйымдастырып жатыр. Қымбатшылықтан қажыған жұрт үкіметтен жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауды талап етуде.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Ереуілге мемлекеттік сектордың өкілдері жұмылдырылған. Қызметкерлер жұмысқа шықпағандықтан бүгін пошта, әкімдіктер, басқа да мемлекеттік мекемелер жабық. Мектептерде мұғалімдердің жоқтығынан сабақ дұрыс болмай жатыр. Ауруханаларда жедел жәрдем қызметі ғана жұмыс істеп тұр. Шұғыл операциядан басқасы кейінге шегерілген. Өрт сөндірушілер, түрме қызметкерлері де жұмысты қойып, наразылық акциясына қатысуда. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.

Али Бел Хусейн, кәсіподақ ұйымының жетекшісі:

Біздің өрт сөндірушілердің жағдайы мүшкіл. Құралдары ескі, салаға ақша бөлінбегеніне 30 жылдай болды. Олардың зейнетке шығу жасын қысқартуды сұраймыз.

Сара Дебо, мемлекеттік қызметкер:

Бәрі қымбаттап жатыр, айлығымыз өспейді. Балаларға тамақ тауып беру уайым болды. Мемлекеттік қызметкерлерге қолайлы жағдай жасамаса, біз ереуілді күшейтеміз.

Жолаушы тасымалдаумен айналысатын компания өкілдері де қызмет көрсетуден бас тартқандықтан бүгін ел бойынша қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Бірен-саран автобус, травмайдан басқасы тоқтаған. Қалааралық пойыздардың да тек үштен бірі ғана жүріп тұр. Қозғалыс тек ертең ғана қалпына келеді. Сондықтан, компания өкілдері жолаушыларға мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге немесе балама іздеуге кеңес беруде.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу