Ақтөбе облысындағы Бекқұл баба ауылында ондаған ғимараттың қабырғасы жарылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысындағы Бекқұл баба ауылында ондаған ғимараттың қабырғасы жарылған

10.03.2023

Ақтөбе облысындағы Бекқұл баба ауылының тұрғындары қиыршық тас шығаратын компаниядан зардап шегіп отыр. Айтуларынша, зауыт жарылыс жасаған сайын баспаналарының іргетасы сөгіліп, қабырғалары жарылады. Тұрғын үйден бөлек, ауылдағы әлеуметтік нысандарда да сызат пайда болған.

Гүлзат Қалмағамбетова бұл үйге екі жыл бұрын ғана көшіп келген. Алайда, қуанышы көпке барған жоқ. Баспанасының қабырғалары әр жерден жарылып кеткен. Жарылыс болған сайын ол ұлғайып жатыр, дейді. Үйді күрделі жөндеуге қолы бармай отыр.

Гүлзат Қалмағамбетова, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

Мынау деген мүмкін емес, балалар инвалид болып қалуы мүмкін. Бір жетінің ішінде екі рет жарылыс болды ғой. Сондай төбеге деген дірілдеп кетті. Жұрттардың люстраларына дейін құлап жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, бұл ауылда іргетасы мен қабырғасына сызат түскен осындай 20-дан аса үй бар. Бүлінген баспаналар әлі де көбейюі мүмкін. Өйткені зауыт апта сайын жарылыс жасайды, дейді.

Талғат Қуанышев, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

Өткенде зауыттың өкілі келіп, бізге жиналыс жасады. Бәріне эксперт жібереміз, тексереміз, төлетеміз, жасап береміз деп. Бірақ жақында әкімнің жиналысында әкім айтып отыр, құжат бойынша бәрі дұрыс деп. Ана кісінің сөзі мен мына кісінің сөзі екі түрлі боп кетіп тұр.

Әлеуметтік нысандардың да жағдайы мәз емес. Қолданысқа берілгеніне үш жыл ғана болған орта мектеп ғимаратының да дәл ортасынан сызат түскен. Қабырғасынан бастап, еденге төселген қыш тайқтайшалырының да арасы ашылып кеткен.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал мынау ауылдағы балабақша ғимаратының бір бұрышы. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, іргетастан басталған жарық жоғары бөлігіне дейін жетеді. Мына жерге тіпті, менің саусағым сыйып кетеді.

Ауыл іргесіндегі қиыршық тас шығаратын зауыт қызметкерлері басшыларының жоқ екенін айтып, сұхбат бермеді. Ал өнеркәсіп қауіпсіздігіне жауапты мекеме өкілдері бұған дейін тексеріс жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушылық анықтамаған.

Бауыржан Бекеев, Өнеркәсіп қауіпсіздігі департаментінің басшысы:

Жарылыс жұмыстарын жүргізетін зауытқа барып, тексердік. Құжаттары, жобалары дұрыс. Ол ауылдағы ғимараттардың жарылуын бірнеше органдармен бірлесіп тексеру керек. Яғни, басқа да себептері боуы мүмкін. Бұл жөнінде Алматы ауданының әкімдігімен де келістік.

Ауыл тұрғындары зауыт жұмысына қарсы емес. Өйткені, елдімекеннің көптеген тұрғыны сол жерде еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Олар тек жарылыстың қуатын төмендетсе, дейді. Алайда, олар алдымен кешенді тексерістің нәтижесін күтулері керек.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу