Ақтөбе көшелері еріген қар суына толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе көшелері еріген қар суына толды

07.03.2023

Ақтөбе көшелері еріген қар суына толды. Себебі кешелі бері күн күрт жылынып кетті. Ал, бүгін аймақта қар аралас жаңбыр жауып, жағдайды одан әрі қиындатты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл қаланың орталық көшелерінің бірі.Бұл жердің өзі көлге айналған. Көшенің келесі бетіне резеңке етіксіз өту мүмкін емес.

Бүгін техниканың да, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруы қиындады. Көлкіп тұрған көшелерде көлік кептелістері пайда болды. Қаланың шеткі аудандарында жағдай тіпті қиын.

Ниязбек Нұрманалиев, қала тұрғыны:

Өзен, қала емес. Венеция! Су көп. Адамдар қорланып жатыр. Аяғым су-су. Жаңа аяқ киім, су-су.

Гүлжахан Медетова, қала тұрғыны:

Түнімен жауды жаңбыр. Мына, кешіп келе жатырмыз аяғымызбен, шыны керек.Тартылмайды, былай қараймыз, алып жатыр ма екен деп. Алып жатқан жоқ, жауын жауып жатыр.

Қазір қала бойынша 89 су сорғыш көлік жұмыс істеп жатыр. Оның елуі қала орталығында, қалғаны тұрғындардың шақыртуы бойынша шеткері аудандарда жүр. Алайда, жиналған қар суының көбеймесе, азаятын түрі жоқ.

Серік Дәулетов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Шамамен екі жарым мың кубтай су сорылды. Үлгермей жатырған себебіміз – ауа райына байланысты. Себебі, бір айтқан жерлерде, мысалы, бір сағат ішінде, жарты сағат көлемінде су жиналып қалып жатыр.

Бұл Байғанин ауданындағы жағдай. Қарғын су Қарауылкелді, Қопа ауылдарына кіріп жатыр. Дегенмен, бүгін түстен кейін су деңгейі біраз түскен. Ал, аудан орталығынан Оймауыт аулына баратын жолдағы көпірді су шайып кетті. Салдарынан үш елді мекен қатынассыз қалды. Жауаптылар жөндеу жұмыстары судың беті қайтқасын істелетінін айтты.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу