Ақтөбеде жол апатынан екі оқушы қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жол апатынан екі оқушы қайтыс болды

06.03.2023

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында жол апатына ұшыраған жасөспірімдердің барлығы бір мектепте, бір сыныпта оқыған. Бұл туралы бүгін облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері мәлімдеді. Қазір ауруханада жатқан екі баланың жағдайы орташа. Біреуіне операция жасалуы мүмкін. Оларды облыстың білікті дәрігерлері қарап жатыр.

Жасөспірімдердің бірі апат орнында көз жұмды. Екінші қыз бала да кеше кешіксін ауруханада қайтыс болды. Ал, үш ер баланың бірі алғашқы медициналық тексерістен соң үйіне жіберілді. Қалған екеуі облыстық ауруханада.

Қуантай Махамбетов, дәрігер-травматолог:

Біреуінің балтыр сүйектері сынған. Екіншісінің сан сүйегі сынған. Балтыр сүйегі сынғанға да, екі балаға да қаңқадан тарттыру әдісі қолданылып, сүйектерін түзетіп қойдық. Балалар жатыр. Сан сүйегі сынғанға алдағы уақытта операция болады.

Қазір жол-көлік оқиғасына нақты не себеп болғаны тексеріліп жатыр. Белгілісі, өткен сенбіде көлікті балалардың бірі әкесіне айтпай алып кетіп, Шалқар-Бозой бағытындағы автожолда апатқа ұшыраған. Көлік ішінде екі қыз, үш ер бала болған. Барлығы бір сыныптың оқушылары.

Ардана Саймағамбетов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

Сөздеріне қарағанда, бұрын-соңды айдамаған. Үйлерінде болмаған, олар алып кеткен. Әлі ешкім айыпталып жатқан жоқ. Сізге нақты адам санын айту үшін. Бұл жерде тек іс қозғалып тұр, қылмыстық іс дерек бойынша, оқиға бойынша.

Ал облыстық білім басқармасының өкілдері, бұл қайғылы жағдайға мұғалімдердің еш кінәсі жоқ дейді. Себебі оқиға мектептен тыс жерде болған.

Назия Елбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының психологы:

Балаларға мұғалімдер айтып жатады, болмайды көлікке отыруға деген сияқты. Бірақ автокөлікті олар мектептен алмайды.Мұғалімдер отырғызбайды.Автокөлікті үйден алып отыр ғой балалар.

Балаға көлікті беруге болмайды. Полиция қызметкерлері ата-аналарға осыны тағы бір ескертті. Ал екі жасөспірімнің өлімімен аяқталған жол апаты бойынша тергеу жүріп жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу