АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақтанға сапары жайлы сарапшылар не дейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақтанға сапары жайлы сарапшылар не дейді?

05.03.2023

«Блинкен – Қазақстанда». «АҚШ Қазақстанмен қарым-қатынасын нығайтуға мүдделі». «Блинкен Қазақстан тәуелсіздігін қолдайды». Осы аптада отандық және шетелдік басылымдарда осындай тақырыппен мақала көп болды. Иә, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға ресми сапары – саяси оқиға. Әлем көз тікті. Бұған соңғы жылдардағы геосаяси ахуал ғана себеп емес. Джо Байден билікке келгелі АҚШ президентінің әкімшілігінен мұндай деңгейдегі дипломат Орталық Азияға алғаш рет келіп отыр. Ал сапарын Қазақстаннан бастағанын сарапшылар «жақсы белгі» деп бағалады. The New York Times, Business Insider, Euronews сияқты басылымдар АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақтанға сапары жайлы көлемді материалдар берген. Месседждері жағымды. Қазақстан үшін...

«Франс-пресс» агенттігі материалын «Блинкен Қазақстан тәуелсіздігін қолдайды» деген атпен жариялады. Онда автор Вашингтонның Астанамен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін атап өткен.

Бұл сапар туралы «Рейтер» де мақала жазған. Онда Блинкен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен жүздесіп, Вашингтонның Қазақстан егемендігін және аумақтық тұтастығын қолдайтынына басымдық берілген.

Ал «Неміс толқыны» (Deutsche Welle) «Бұл Блинкеннің осы аймаққа алғашқы сапары және Ресей мен Қытай үшін маңызды рөл атқаратынын» атап өткен.

Қазақстандық сарапшылар не дейді? Данияр Қайыртайдың материалы.

Әлемдік геосаясатта тұрақсыздық орнағанына бір жылдан асқанда АҚШ атқарушы билігіндегі үшінші адам – мемлекеттік хатшы Орталық Азияға сапарлап келді. Энтони Блинкен алдымен Қазақстанға аялдады. Былтыр оның орынбасары Узра Зея да осы аймаққа сапарын Астанадан бастаған еді.

Американың бас дипломатын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Құрама штаттар тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз.

Мемлекет басшысы АҚШ Қазақстанға 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторлардың бірі екXенін атап өтті. Ал былтыр екіжақты сауда айналымы 37 пайызға өсіп, 3 млрд доллардан асыпты.

Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз.

Астанада сол күні АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің «С5+1» форматындағы кездесуі өтті. Бұл дипломатиялық платформа 2015 жылдан бері бар.

Соңғы рет ведомство басшылары былтыр қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясының аясында кездескен еді.

Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

Былтырғы қыркүйекте біз Ресей-Украина дағдарысынан жапа шегіп отырған Орталық Азияның экономикалық тұрақтылығы бастамасын көтеріп, 25 млн доллар бөлгенбіз. Бұл – аймақ елдерінің бір мемлекетке тәуелді болмай, сауда жолдарын әртараптандырып, экспортқа шығатын жаңа нарықтар құруы үшін жасалған шара. Енді қосымша тағы 25 млн доллар бөлетінімізді жариялаймын.

Ал халықаралық қатынастар маманы Әділбек Ермекбаев бұл соманы аймақ елдеріне шаққанда елеулі өзгерістер жасауға жетпейтінін айтады.

Әділбек Ермекбаев, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті:

Бірақ бос келмедім, ары қарай да мүмкіндік бар деген месседж. Бірақ Америка да түсінеді, Қазақстанды бірден үзіп тастай алмайтындығын. Қиып тастау үшін Қазақстанға альтернатива ретінде бірдеңе беруі керек. Оны бере алмайды. Бере алмай ма, онда талап ете алмайды. Қанша дегенмен, ұлттық мүдде бірінші тұр ғой.

Саяси сарапшы Жұмабек Сарабек те Қазақстан бір демде Ресейден алшақтап кете алмайтынын айтты. Тіпті, көрші елмен сауда-саттық байланысымыздың өзі штаттардікімен салыстырғанда 6-7 есе көп дейді.

Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Яғни сауда-саттық тұрғысынан алып қарағанда, Ресеймен байланыстарды үзу қиын мәселе және оған біз аса қатты мүдделі де емеспіз. Себебі державалардың теке-тіресінде Қазақстан үшін ең оңтайлы позиция өзін барынша бейтарап ұстау. Осы тұрғыда Қазақстан тарапы да Блинкенге максималды түрде өз позициясын түсіндіруге талпынды.

Ресейді әлемдік саудадан барынша оқшаулағысы келетін батыс елдерін Орталық Азияның позициясы шынында алаңдатады дейді сарапшы.

Әділбек Ермекбаев, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті:

Қырғызстанның Ресейге экспорты 54 пайызға артып кетті. Әртүрлі санкция салынған жабдықтардың басым бөлігі. Қазақстандікі 14 пайызға асты. Сондықтан Блинкеннің келуі осы санкциялардың эффектісі мықты болсын деген мақсатпен, екінші мақсаты, әрине, Ресейге месседж ретінде, «біз сіздің каналдарыңызды білеміз» деген.

Осы орайда Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді геосаясаси шиеленісте ешкімді қолдамай, бейтарап болатынымызды бірнеше қайтара айтты. Әйтсе де, ешкімге санкцияларды бұзуға мұрша бермейтінімізді де ескертті.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

Қазақстан Еуразия экономикалық одағының мүшесі екенін білесіздер. Кеден шекарасы ашық болғандықтан сауда-саттықты басқару өте қиын. Бірақ сонда да біз санкцияны айналып өткісі келетін ресейлік немесе шетелдік компанияларға мүмкіндік бермеуге тырысып келеміз.

Америка делегациясы Орталық Азияға турне жасайтыны белгілі болғанда кей саясаттанушылар Блинкен аймақ елдеріне «бір жағына шық» деп ультиматум қояды деген болжам айтқан. Бірақ олай болмай шықты.

Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Меніңше, бұл ретте АҚШ-тың аймаққа қатысты өте прагматикалық саясат ұстанып отырғанынан хабар береді. Себебі АҚШ Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың деңгейін, ауқымын ескеруге міндетті. Себебі бас-көзсіз Ресеймен қарым-қатынасты тоқтатыңдар десе, АҚШ аймақ мемлекеттерін өзіне қарсы қойып алу қаупі бар.

Блинкен сапары – Ресейге жасалған месседж. Ал ресми Мәскеу ықпалы жүріп тұрған аймақтан айрылғысы келмейтіні анық, - дейді сарапшы.

Әділбек Ермекбаев, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті:

Әрине, Ресейді алаңдатады бұл мәселе. КТК 22-ші жылы 3 рет жабылды. 23-ші жылы, міне 2 ай болды, 2 ай ішінде тағы бір рет жабылды. Бұл да экономикалық қыспақтың белгісі. Қыспақ болады. Бірақ Ресей де түсініп отыр: Қазақстан, ОА бұларға соңғы мүмкіндік.

Блинкен бастаған америка дипломаттарының сапары Ташкентте жалғасқан. Онда да ол АҚШ Өзбекстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен территория тұтастығын қолдайтынын жеткізді. Әрі аймаққа зардабы тиіп отырған Ресей мен Украина жанжалын сынға алды.

Беруний Алимов, саяси шолушы:

Блинкеннің мәлімдемелері, аймаққа бөлген қаражатынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бұған санкциялардың жанама әсерін көріп жатқан аймақты экономикалық тұрғыдан қолдау деп қана қарау керек.

Данияр Қайыртай, тілші:

Энтони Блинкен осы турнесінің соңында G20 саммитіне қатысу үшін Үндістанға барды. Оған Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та қатысқан. Әлем назары соларда болды. Олар форум аясында 10 минуттай әңгімелесті деп жанталаса жазды шетелдік ақпарат құралдары. Екі дипломат Ресей-Украина дағдарысы басталғалы алғаш рет сөйлесті. Бірақ ортақ пікірге келе алмағанға ұқсайды. Геосаясаттағы тұрақсыздықты шешу үшін бейбіт келіссөзге шақырып жатқан елдердің бастамасы да жақын арада жүзеге аса қоймайтын сыңайлы.

Данияр Қайыртай





Хабарламаларға жазылу