Екі мың теңгеге екі дорба киім сатып алуға бола ма? Қазіргі бағамен есептеп, әрине, мүмкін емес дейтін шығарсыз. Дегенмен, Астанада 4 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік дүкенде сондай мүмкіндік бар.
Ілініп тұрған бұл киімдердің бағасы көрсетілмеген. Өйткені, жеке-дара сатылмайды. Мұнда киім көлеммен есептеледі. Себебі, оның барлығы жаңа емес. Астаналықтар қажетсіз деп таныған киім-кешектерін жинап, осы жерге әкеліп, тегін тапсырып жатыр.
Ғалия Бердіәлиева, сатушы:
Бұл жерге келген адамдар қоқыс әкелмейді. Олар жарамды, сапалы бренд киімдер әкеледі.
Жалғыз басты анамын. Үш балам бар. Бір жылдан бері келіп, алып жүрмін.
Мұндай дүкенді ашудағы мақсат - табыс табу емес, қайырымдылық жасау, дейді жоба жетекшісі.
Ерсұлтан Күзенбаев, жоба жетекшісі:
Бізде бюджет мемлекеттен ешқандай көмек берілмейді. Бізге келген жалғыз басты аналар, белгілі бір статусы бар кісілер осында кіруге 2 мың теңге төлейді де екі пакет киімге дейін алып кете алады. Бұл жерде киімге ешқандай шектеу жоқ. Ол кісілер өздері таңдап алады. Біз соның арқасында осы жердің жарнасын төлеп жатырмыз.
Әлеуметтік дүкен Астанада ғана емес, Алматы қаласында да ашылған.
Лаура Маликова, эколог:
Мұндай үдерісті ары қарай мемлекеттік деңгейде қолдау керек. Мысалға, кей дамыған елдерде, өзім болған Швеция елінде тұрмыстық қалдықтарды жинайтын контейнерлерде тағы да киімге арналған контейнер қойып қойған оларда. Жүйелі түрде.
Әлеуметтік дүкендердің - мұқтаж адамдарға ғана емес, қоршаған ортаға да пайдасы бар. Қажетсіз киімдер қоқыс полигондарында жылдар бойы шірімей жатады. Сол себепті, әлеуметтік және экологиялық жобаға деген қоғамның назары арта түссе игі.
Азамат Бейбітұлы
