Бүгін жеке азаматтарды «банкрот» деп тануға өтініш қабылдау басталды. Бір қызығы арнайы сайт қайта-қайта істен шығып жатыр. Ал қарыздан тездетіп құтылғысы келгендер Халыққа қызмет көрсету орталығын торуылдап жүр. Сонымен борышкер өзін «банкрот» деп жарияламас бұрын нені білуі керек? Оған қандай талаптар қойылады?
27 жастағы Ерболат Ноғаев банкке 3 жарым млн теңге қарыз. Қомақты қаржыны 3 жыл бұрын кәсіп ашу үшін алған. Бірақ, көп ұзамай тақырға отырыпты. Содан бері коллекторлармен алысып келеді. «Банкроттыққа» өтініш беру басталғанын ести сала, халыққа қызмет көрсету орталығына беттеді.
Ерболат Ноғаев, Астана қаласының тұрғыны:
Тұрақты жұмысқа кіруге жақсы да. Ал қазір тұрақты жұмысқа кіре алмайсың. Ешқандай жерге. Көп жер лақтырады. Сабақ болды, иә, енді кредит алмаймын. Бермесе де жақсы маған.
Орталыққа жұрт алғашқы күннен-ақ ағылып жатыр. Өтінішті үйде отырып, онлайн тапсыруға да болады. Адам нөпірі көп болған соң ба, арнайы сайт қайта-қайта істен шығып, жұрттың есін шығарды.
Елде қарызын мүлдем өтей алмай жүрген 1 миллион 180 мың адам бар. Олардың жалпы берешегі 1 триллион 100 миллиард теңгеден асады. Өтініш беруге келгендердің арасынан жасты да, қартты да байқадық. Енді бірі туысының мәселесін шешіп жүр
Егер адам банкрот деп танылса, барлық қарызынан құтылған болып есептеледі. Яғни оны кейін қайтаруға міндеттелмейді. Ал борышкерді банкрот деп жариялаудың үш түрлі жолы бар. Мәселен, қарызы 5 жарым млн теңгеден аспайтындар мен 5 жылдан бері несиесін өтей алмай жүргендер сотқа жүгінбей-ақ құжат тапсыра алады. Ал берешегі бұл сомадан көп болса, сотқа арыз жазуына тура келеді. Тұрақты кірісі бар азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін пайдаланып, қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндігі бар. Бұл әдісті қолданған азамат банкрот деп танылмайды.
Ержан Бектібаев, Сарыарқа аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
Жеке тұлғаның қарызы 5 жарым миллионнан аспауы керек. Оның қарызы соңғы 12 ай ішінде төленбеуі тиіс. Оның атында мүлік болмауы керек. Және екінші деңгейлі банктер тарапынан қарызды реттеу туралы анықтамасы болуы керек.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ескеретін жайт, «Банкрот» деп танылған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Сондай-ақ, оның қаржылық жағдайына үш жыл бойы бақылау жүргізіледі. Бұдан бөлек, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды.
Айя Мүтәлі