Елімізде 250-ден астам елді мекенді қызыл су басуы мүмкін – министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 250-ден астам елді мекенді қызыл су басуы мүмкін – министр

28.02.2023

Елімізде 250-ден астам елді мекенді қызыл су басуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте көктемгі тасқынға қарсы шараларды баяндаған Төтенше жағдайлар министрі айтты. Қауіпті аймақта орналасқан бұл жерлерде 700 мыңнан астам адам тұрады. Айтуынша, оларды топан судан қорғау үшін тасқынға қарсы дайындық қызу жүріп жатыр. 5 мың шақырымға жуық су арнасы мен арықтар тазартылып, уақытша бөгендер салынған. Десе де министр кейбір әкімдіктердің көктемгі тасқынға дайындығы көңіл көншітпейді, дейді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Өңірлердегі аудандарда шағын елді мекендерде тасқынға қарсы дайындық төмен. Төтенше жағдайлай қызметкерлері әкімдіктерге 179 ескерту парағын берді. Әсіресе Павлодар, Түркістан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы шараларды қолға алу қажет.

Сондай-ақ, министр қардың - ірі қалаларда шығарылып, ауылдардың назардан тыс қалатыны дұрыс емес, дейді. Өйткені күн күрт жылынса еріген қар суы үйлерді басуы мүмкін. Оның үстіне синоптиктердің болжамынша көктемде жауын шашын көп болады. Сондықтан Премьер-Министр тасқынға тас түйін дайын болуды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия министрі мен өңір әкімдері жолдарды көпірлерді су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу