Түркістан облысының Сейфуллин ауылынан жұрт үдере көшіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Сейфуллин ауылынан жұрт үдере көшіп жатыр

27.02.2023

Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты С. Сейфуллин ауылынан жұрт үдере көшіп жатыр. Себебі жер асты суының кесірінен елдімекенде бүлінбеген баспана, қирамаған қора-қопсы қалмаған. Жағдай ушыға берсе ауылда адам қалмайды дейді ашынған тұрғындар.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Жылысу ауылдық округінде қазір мынадай іргетасы үгітіле бастаған үйлерді жиі кездестіруге болады. Себебі жерасты суларынан баспаналары ылғал тартып, қабырғалар жарыла бастаған. Жылда жөндеп шаршаған базбір тұрғындар үйлерін тастап көшіп кетуде.

Ауылдың байырғы тұрғыны Азамат Сәрсенұлының үйі қазір тұруға жарамсыз. Бірақ, мүгедек анасымен баратын жері болмаған соң, амалсыз осында күнелтуде.

Азамат Сәрсенұлы, С. Сейфуллин ауылының тұрғыны:

Жер сорланып, мына зәк үйге ұрып жатыр. Мына үйіміз құлап жатыр. Зәктен үй жылымайды. Үйдің іші де түсіп жатыр. Ажырап кеткен төбелері.

Сәкен Сейфуллин елдімекенінде бес жыл бұрын жүз елуге тарта отбасы тұрды. Бүгінде соның жартысына жуығы баспанасын тастап көшіп кеткен. Ауылдағы дренаждар істен шыққалы, жердің соры көтеріліп, үйлер қисайып, қора- қопсы құлап жатыр. Тұзды жерге еккен ағаш та жеміс бермей, қурап қалады.

Бектемір Нұржаубаев, С. Сейфуллин ауылының тұрғыны:

Жылдан жылға ауылдан адам кеміп бара жатыр, көшіп бара жатыр. Кетіп жатыр бәрі. Сатайын десе бұл үйлерді ешкім алмайды. Сата алмағандар тастап кетіп жатыр. Қазір ауылда бір қырық шақты үй бос тұр десем өтірік болмас. Сөйтіп келешегі не керек, бұл бұл ауыл тарқауға айналды.

Ауылдағы жалғыз мектептің де іргетасы үгітіле бастапты. Әсіресе жаңбырлы күндері су жерге сіңбей, ылғал қабырғаға ұрады. Ал ғимаратты жөндеуге ақша жоқ.

Қайрат Әбиев, мектеп директорының орынбасары:

Сор, тұздан қабырғалар сөгітіледі. Бұған жылда жаз айында ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Бірақ бір-екі айдан кейін қабырғалар сөгіліп жатыр.

Жұрт үдере көшкен соң, мектепте бала саны да күрт азайған. Ал, отыз жыл бойы қараусыз жатқан су соратын қондырғыларды жауапты мекеме енді ғана есепке алып , қайта жөндемек.

Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Тік дренаждарды қайта қалпына келтіру мақсатында жоба жасақталуда. Аталған жоба аяқталғаннан кейін, елдімекендегі тік дренаждардың құрылысын жүргізетін боламыз. Келесі жылы 2024-ші жылға құрылысына қаржы сұратуға салалық басқармаға ұсыныс енгізетін боламыз.

Қондырғыларды жөндеу үшін қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз. Мәселе жуық арада шешілмесе, ауылды тастап көшкеннен басқа амал жоқ дейді тұрғындар.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу