Балабақшаға тіркелудің жолдары қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балабақшаға тіркелудің жолдары қандай?

25.02.2023

Ата-аналардың бас қатыратын өзекті мәселелерінің бірі - балабақшаға кезекке тұру. Өйткені, мектепке дейінгі ұйымда орын тапшы. Өздігінен барып, сәбиін бере алмайды. Әріптесім Асылбек Данияр балабақшаға үйден шықпай, уақытыңызды үнемейтін оңай тәсілін көрсетеді.

Асылбек Данияр, тілші:

Балабақшаға кезекке тұрудың нұсқаулығын назарларыңызға ұсынамыз. Мектепке дейінгі мекемелерде балаларға орын алу қағидаты бүкіл Қазақстан үшін бірдей. Алайда, әр аймақтың өз ережелері, механизмдері бар. Бүгін біз Астанадағы балабақшаға қалай кезекке тұруға болатынын көрсетеміз.

Өтінімдер indigo24.kz порталы арқылы қабылданады. Бұл сайт еліміздегі 65 елдімекенді қамтиды. Сонымен, алдымен көрсетілген сайтқа кіріп, «Кезекке тұру» командасын таңдайсыз. Балабақша кезегіне қою туралы электрондық өтінішті толтырып, баланың ата-анасы өз ЖСН-ін енгізеді. Егер жеңілдігіңіз болса, сайт автоматты түрде өзі белгілейді. Таңдау жасаған соң, хабарлама алуға келісім бересіз.

Өтініштің қабылданғаны және кезек нөмірінің берілгені туралы хабарлама СМС немесе электронды поштаңызға келеді, деректеріңізді тексеру шарт. Міндетті түрде сайт арқылы күн сайын «Кезекті тексеру» бөліміне кіріп, бақылап отыру керек. Онда балаңыздың ЖСН-ін енгізсеңіз болғаны.

Үйден шықпай, кезекке тұру үшін:

Міндетті түрде баланың ЖСН-і, ата-анасының қосылып тұрған телефон нөмірі. Егер Сіз әскери немесе арнаулы органдардың қызметкері болсаңыз, жеңілдіктерді растау үшін құжаттардың электрондық көшірмелері талап етіледі.

Орын әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қызметкерлерге кезектен тыс беріледі. Ал бірінші кезекте көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі ата-аналардың сәбилері, жетім және ерекше қажеттілігі бар балалар. Ал, қалғаны өтінішті беру күніне қарай сұрыпталады.

Өтініш мақұлданғаннан кейін балабақшаға жолдама алу керек. Ол үшін: indigo24.kz сайтын ашыңыз, «жолдаманы алу» командасын таңдаңыз. Баланың ЖСН белгілеп, балабақшадағы оқу тілің таңдаңыз, содан соң «Бос орындарды іздеу» батырмасын басыңыз. Жүйе сәбидің жасына сай келетін топтары бар барлық балабақшаларды көрсетеді. Бос орындардың тізімін қарап шығып, қабылдану үшін балабақша мен топты таңдаңыз. «Жолдаманы алу» батырмасын басыңыз. Сосын «Таңдалған орын» блогында өзіңіз таңдаған мектепке дейінгі мекеме жайлы ақпарат шығады. Барлығы дұрыс екеніне көз жеткізіңіз. Егер барлығы дұрыс болса, хабарлама келеді. Алған жолдамаға сай балабақшаға алдын ала дайын құжаттармен барып, шарт жасасуыңыз қажет.

Соңғысы: балаңызды балабақша кезегіне қою рәсімі екі кезеңнен тұрады. Бірінші: кезекке қою үшін қажетті құжаттардың барлығын жинау керек. Ол: Заңды өкілінің жеке куәлігінің түпнұсқасы, баланың Туу туралы куәлігінің түпнұсқасы, Денсаулық жағдайы туралы анықтама, Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысы.

Екіншісі: Электрондық жолдаманы балабақшаға тіркеу және шартты жасасу.

Сондай-ақ, egov мобильді қосымшасы, электрондық үкімет порталы арқылы балабақшаға кезекке тұруға немесе ХҚКО-нан көмек сұрауға болады.

Қысқа-нұсқа осы, ұсынған дерегіміз қажетіңізге жарасын. Назарларыңызға рақмет!

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу