Ақтөбе облысында 500-ден астам адам қар құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 500-ден астам адам қар құрсауында қалды

24.02.2023

Ақтөбе облысында боран соғып, 500-ден астам адам қар құрсауында қалды. 2 мыңға жуық көлік діттеген жеріне жете алмады. Аймақта ақ түтек боран басылғанымен, тұрғындар әлі қалың қардың әлегінен құтыла алмай жатыр.

Қазір жол бойындағы автотұрақ пен кемпингтерде қаңтарылып тұрған жүк көлігі көп. Кейбір жүргізушілер осы жерде түнеп шықты.

Влад Краснавчук, жүргізуші:

Молдовадан Өзбекстанға алма әкелуге бара жатырмыз. Қазақстан арқылы бірінші рет жүріп тұрмын. Мұндай ауа райына тап боламын деп ойламадым. Кеше күні бойы тұрдық. Бүгін жүре аламыз ба, жоқ па, білмеймін.

Кешелі бері облыста бірнеше бағыттағы жол уақытша жабылды. Салдарынан, 7 аудандағы елдімекен маңында жалпы саны 2 мыңға жуық жеңіл және жүк көлігі жиналып қалды. Олардың арасында 23 автобус бар. 520 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақ түтек боран әсіресе, алыс жолға шыққан жүргізушілерге қиындық тудырды. Мәселен, қазір біз тұрған Самара-Шымкент тас жолы бойында бірнеше шақырымға созылған мынадай көлік кептелісі пайда болды. Бұл жол учаскесінде көлік апаттары да жиі болып жатыр.

Алыс ауылдарды айтпағанда, қала маңындағы жолды да қар басып қалған. Тұрғындар тәңертең жұмысқа жете алмай қиналды.

Дәметкен Меңдібаева, қала тұрғыны:

Міне, қар алынған жоқ. Жаңа келдік,міне,машинамен келе жатқанда бір-бірімізге, бір машина жүретін жол жоқ. Қар шығарылмаған.

Төтенше жағдайлар департаменті соңғы тәулікте қар құрсауында қалған 300-ге жуық адамды құтқарды. Коммуналды мекемелер күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Ал, синоптиктер енді аяздың күшейетінін ескертті.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу