Еуропалық «Diplomatic world» журналы тұтас бір нөмірін Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасының 30 жылдығына арнады. 102 беттен тұратын басылымның жаңа нөмірі Брюссельде көпшілікке таныстырылды.
«Дипломатиялық әлем» журналында Президент Тоқаевтың былтыр Астанада Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельмен кездесуі, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің Қазақстан жайлы сұхбаты және Рим Папасы Францисктің елордаға сапары туралы кеңінен жазылған. Шетелдік журналистер Қазақстандағы саяси-әлеуметтік реформалар мен елге сырттан инвестиция тартуға басымдық берілгені туралы да кеңінен тоқталған. Сондай-ақ, басылым беттерінде еліміздің көрікті жерлері жайлы мол мағлұмат келтірілген.
Барбара Дитрих, «Дипломатиялық әлем»журналының президенті:
Бұл журнал Еуропалық парламентке, Еуропалық комиссияға, барлық елшіліктер мен бизнес өкілдеріне, шетелдерге таратылады. Қазіргідей қиын кезеңде Еуропа елдері ресурсқа, металлдарға зәру. Ал оның бәрі Қазақстанда бар. Осы журналда Қазақстан мен ЕуроОдақ қатынасының маңызды тұстарын жария етуге тырыстық.
Альберто Тюркстра, «Дипломатиялық әлем» журналының жоба жетекшісі:
Геосаяси ахуалға байланысты қазір қос тарап үшін «Орталық дәлізді» дамыту маңызды болып тұр. Еуропаға жасыл энергияға көшуі үшін шикізат қажет. Басылымда осыған да тоқталдық. Елдеріңіздегі саяси жүйені демократияландыру, тамыр-таныстықты жойып, жеке секторды дамыту-барлығы ел халқының игілігі үшін жасалып жатқан өзгерістер.
Нұрсұлу Қасым