Солтүстік Қазақстанда көктайғақтан көлік қозғалысы қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда көктайғақтан көлік қозғалысы қиындады

22.02.2023

Солтүстік Қазақстанда күн күрт жылынып, жаңбыр соңы көктайғаққа ұласты. Жол қозғалысы қиындап, қоғамдық көліктер тоқтады. Көкмұзда, тіпті жаяу жүрудің өзі мұңға айналып, жарақат алғандар күрт көбейді. 

Эльмира Кәленова, тілші:

Ақпандағы ақ жауын – солтүстік климаты үшін өте сирек құбылыс. Бүгінгі ауа райы көпшілікті әбігерге салды. Өткен түнде басталған жауын-шашын таңға қарай тоқтап, бүгін түс ауа қайта жалғасты. Мұндай күні далаға қолшатыр ұстап шығу артық екені анық.

Қалалық ауруханадағы травматология бөлімшесінде бүгін ұзын-сонар кезек. 7 сағат ішінде 60 қа жуық адам медициналық көмекке жүгінген. 44 адамның аяқ- қолы сынған. Барлығы көшеде құлап, жедел-жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.

Галина Корелова, қала тұрғыны:

Таңертең жұмысқа барам деп шығып, табалдырықта құлап қалдым. Қатты тайғақ екен. Дәрігерлер сүйегім сынған дейді. Енді операция жасайды.

Эльмира Сәдуақасова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

Коммуналдық қызметтегілер де күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жаңбырмен араласа жауған қарды тазалап, құм мен тұз қоспасын төгіп әлек. Көктайғақ салдарынан жол қозғалысы қиындап, қоғамдық көліктердің кейбірі өз бағытына 10 сағат кешігіп шықты.

Аялдамалардың маңына эко-реагент «Ледоруб» себіліп жатыр. Бұл жұмысты ертерек бастауға мүмкіндік болған жоқ. Себебі, егер жаңбырмен бірге бұл жұмыс атқарылатын болса, онда реагенттің пайдасы болмас еді. Қазіргі таңда 90 автобус жұмыс істеп жатыр. Қалада осы сынды бірнеше жол апаты тіркелді. Полиция департаментінің мәліметінше жарақат алғандар жоқ. Ал кейбір такси жол ақысын 3-4 есе көтеріп жіберді. Таңертең көкайна болып жатқан мұз, түстен кейін батпаққа айналды.

Мектеп оқушылары мен колледж студенттері ертең де онлайн оқиды. Себебі, дауылды ескерту жарияланды. Жүк көліктері үшін облыстық және республикалық трассалар жабылды.


Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу