Бельгияда театрдың ескі костюмдері сатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда театрдың ескі костюмдері сатылады

20.02.2023

«Театр костюмдері сатылады, асығыңыздар!». Бельгиядағы мәдениет ошақтары осындай жарнама жасап, әртістердің сахнаға киген ескі киімдерін сатылымға шығаруда. Себебі, елдегі театрлар мемлекеттен тек жартылай қаржыландырылады. Сондықтан, осындай шаралар арқылы әр мекеме табыс табуға тырысады.

«Жастар театры костюмдерін сатады»-дегенді естіген жұрт таң атпастан дүкенге ағылды. Құдды біреу тегін дүние таратып жатқандай, ұзын-сонар кезек көшенің соңына дейін жалғасқан. Жасы да жасамысы да жылына бір мәрте ұйымдастырылатын жеңілдіктен құр қалғысы жоқ.

Жаклин Утлей, театр дүкенінің директоры:

Әртістердің ескі костюмдерін рәсуа қылып, лақтырып тастағанша, оларға екінші өмір сыйлайық деген мақсатта осылай сатылымға шығарамыз. Әрі, аз-кем табыс табамыз. Өзіңіз көріп тұрғандай тұрғындар тарапынан киімдерге қызығушылық өте жоғары.

Түрлі жанрдағы спектакль кейіпкерлерінің костюмдерінен бөлек дүкенде салтанатты балға, мерекелік кештерге киетін көйлектер, жейде-пенжектер де толып тұр. Мына киім қошқар мүйіз оюымен безендірілген қазақтың бешпентіне қатты ұқсайды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Театр дүкенінің іші тым тар. 10 мың костюмның арасынан өзіңе ұнағанын, ыңғайлысын табу оңай емес. Менің тапқаным осы болды. 17-ғасырда Еуропадағы қалталылардың әйелдері осылай киінген екен. Театр тігіншілері бұл костюмды 20 жыл бұрын тіккен. Қазір сатылымға шығарды. 

Костюмдердің ең көнесі - 40 жыл, жаңасы -10 жыл бұрын тігілген. Матасы қанша сапалы дегенмен кейбірінің жыртылып, тозығы жеткені көрініп тұр. Бірақ, соған қарамастан халық таласып-тармасып алып жатыр.

Кадауи Бонго, Брюссель қаласының тұрғыны:

Бірінші рет келіп тұрмын. Ішке кіру үшін бір сағат кезекте тұрдым. Бірақ, еш өкінбеймін. Сахнаға киіп шығатын костюм іздеп келіп едім, үстімдегіні таптым.

Виктор Пере, Брюссель қаласының тұрғыны:

Үстімдегі Ренессанс дәуіріндегі костюм. Осыны тапқаныма қуанып тұрмын. Қалпағымен бірге кисең өзіңді хас батырдай сезінесің. Мұны мен карнавалға немесе қыдырғанда киемін. Тапсырыспен тіктірсең өте қымбатқа түседі. Ал мынау 25 еуро тұрады.

Киілген костюмдердің бағасы 7 еуро мен 70 еуроның аралығында. Бұл «су тегін»-дейді сатып алушылар. Содан болар, дүкен ашылған бір сағаттың ішінде біраз киім ілгіш босады. Жылда түк қалдырмай, талап кетеді-деген театр иелері осыдан түскен қаржыға әртістерге жаңа костюм тіктірмек.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу