Басты Жаңалықтар Түркияға саяхаттауды жоспарлағандар тур құнын қайтара алады

Түркияға саяхаттауды жоспарлағандар тур құнын қайтара алады

Ұлттық әуе тасымалдаушысы Қазақстан мен Түркия арасында билеттерді қайтаруға немесе қайта брондауға мүмкіндік беріп отыр. 

Самал Иманқұлова отбасымен жылына кемі екі рет шетелде демалып келеді. Биыл да Түркияға сапарлауды жоспарлап қойған. Алайда, бауырлас мемлекетте болған апат біраз уайым мен үрей туғызғанын жасырмайды. Соған қарамастан, мамырдың соңында жолға шығамыз деп отыр.

САМАЛ ИМАНҚҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз бұл турды бірнеше ай бұрын жоспарлап қойып едік. Сол кезде ол елде осындай қасірет болады деп ешкім ойламады ғой. Турагенттермен де сөйлесіп отырмыз. Жоспарлап қойғасын аман-есен барып келеміз деген ниетпен бара береміз деп шештік.

Зілзала туристік аймақты шарпымаса да, көпшіліктің сүйікті демалыс аймағы саналатын Түркияға баруға қауіптеніп қалған қазақстандықтар да жоқ емес.

Ал белгілі блогер Анар Көкеева екі жылдан бері Аланьяда тұрып жатыр. Айтуынша, жер сілкінісінен баспанасыз қалғандар жаппай жергілікті қонақ үйлерге орналасып жатыр. Бұл күндері қоғамдық орындар босап, көшелерде туристер емес, полиция жүретін болған,- дейді ол.

АНАР КӨКЕЕВА, БЛОГЕР:

Дүмпуді біз де сездік. Бірақ, оның ауқымы осындай боларын кім білген? Апат болған аймақтан автобустармен мыңдаған адам келіп жатыр. Соған байланысты жабық тұрған қонақ үйлер де жұмыс істей бастады. Жалпы, Анталья мен Аланьяны зілзаладан қауіпсіз деп жатыр ғой. Бірақ, қалай боларын бір Алла біледі.

Ресми мәліметтерге қарағанда, қазақстандықтардың ең көп саяхаттайтын елі - Түркия. Бұл мемлекетке жылына орта есеппен 600 мың қазақстандық барады. Одан кейінгі тізімде Араб әмірліктері, Мысыр, Таиланд және Мальдив аралдары бар. Ал туризм саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Еркін Бейсеев қазақстандықтар әзірге Түркияға демалуға баруға қорқып отыр дейді. Сондықтан Антальяға жолдамаға сұраныс азайған.

ЕРКІН БЕЙСЕКЕЕВ, ТУРИСТІК АГЕНТТІК ӨКІЛІ:

Антальяға, қазіргі уақытта Түркияға көбінесе қабылдап жатқан жоқ. Өйткені халық арасында үрей бар. Туристік маусым ол жақта маусым айынан кейін басталады. Қазір бағаларда ешқандай өзгеріс жоқ.

Бұл ретте, зор экономикалық шығынға ұшыраған Түркия бюджетке табыс әкелетін саланы құлдыратып алмай, қайта қолдауға мүдделі. Сол себепті, саяхатшылар жауапкершілікті өздеріне алып, демалатын болса, баға мен сапада еш өзгеріс байқалмай отыр,дейді мамандар.


Фариза Мұсақызы

Бөлісу