Зілзала кезінде балаларды құтқарған түріктің батыр қызы арнамызға сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зілзала кезінде балаларды құтқарған түріктің батыр қызы арнамызға сұхбат берді

17.02.2023

Түркиядағы алапат апат мыңдаған адамға қасірет әкелді. Талай адам туғандарынан әп сәтте айрылып, мына дүниеде жалғыз қалды. Алайда өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тіккен қаһармандардың арқасында талай адам мына өмірмен қайта қауышты. Сондай қаһармандардың бірі, өзі кішкентай болса да, жүрегі үлкен медбике қыз - Шейма Алакуш. Зілзала кезінде далаға қашпай, ауруханадағы балаларды құтқарған батыр қызбен біздің Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы тілдесіп қайтты.

Аз күнде осы видео әлемді шарлап кетті. Барлық әлеуметтік желіні былай қойғанда, Түркияның күллі каналдары медбике қыздан сұхбат алуға асықты. Шейма Алакушты арнайы іздеп біз де Газиантеп қаласындағы Инаиет Топчу атындағы ауруханаға бардық. Түнгі ауысымда істейтін Шейма демалып жатқанына қарамастан қазақстандық арна келгенін естіп, сұхбат беру үшін арнайы келді.

Шейма Алакуш, медбике:

Ол кезде мен ақылмен емес, түйсігіммен әрекет еттім деп ойлаймын. Себебі ойланатын мұрша болмады. Тек қана балалардың жанында болуым керек, оларды құтқару керек деген ой ғана келді. Өйткені мен оларға қарауға жауапты болғандықтан, балалар маған аманат еді. Дәл сол күні ол әрекетті жасағаныма еш өкінбеймін. Тіпті, ол жерде жағдай басқаша болып, ғиамарат құлауы да мүмкін еді. Бірақ мен өзімнің жұмысымды ғана атқардым деп ойлаймын. Сол әрекетті жасап, балаларды алып шыққаным үшін өзімді бақытты сезінемін.
Екі жарым жылдан бері медбике болып істейтін 25 жастағы Шейма жұмысқа аса ұқыпты дейді әріптестері. Балаларды қатты жақсы көретінін, ауруханаға келген әр баламен әңгімелесіп, бірден баурап алатынын айтады.

 Жәннәт Жанболат, бас медбике:

Шейма медбике ғана емес, спортшы да. Гимнастикамен айналысады. Видеода қалай жүгіріп бара жатқанын көрген боларсыздар. 7,5 балдық жер сілкінісінде олай жүгіру екінің бірінің қолынан келмейді. Видеоға түспей қалған бөлігі де бар. Ол жерде Шейма балаларды көлікке отырғызып, қауіпсіз жерге кетуіне көмектеседі.

Шейма Алакуш, медбике:

Қазір еліміз өте ауыр күндерді басынан өткеріп жатыр. Бәріміз қиын жағдайдамыз. Мені батыр қыз деп әспеттеп жатқандарға алғысым шексіз. Алайда зілзаладан зардап шеккендерге жәрдем беріп жүрген әскерилер, полиция, құтқарушылар сияқты көптеген адамдар бар. Мен де бар болғаны солар сияқты жұмысымды істедім.
Жойқын апаттан есеңгіреп қалған Түркия халқына Шейманың әрекеті дем бергендей болды. Адами қасиеттің қандай болатынын тағы бір мәрте еске салғандай. Ерлік істеу үшін көп нәрсе керек емес, тек үлкен жүрек қана қажет екенін дәлелдеді Шейма.


Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу