Басты Жаңалықтар Түркиядағы тағы бір қазақстандық құтқарушының сәбиі дүниеге келді

Түркиядағы тағы бір қазақстандық құтқарушының сәбиі дүниеге келді

Түркияға кеткен тағы бір қазақстандық құтқарушының сәбиі дүниеге келді. Олжас Рахметов төртінші перзентіне «Адэля» деп ат қойған. 2 аптадан бері қауіптің ортасында жүрген құтқарушыны енді үй-іші аман-есен елге оралуын тілеп, асыға күтіп жүр.

Олжастың Түркиядағы жұмысы қауырт. Қирандылар астынан аман қалғандарды алып шығу үшін күн-түн демей еңбек етіп жүр. АСТАНА Қолы қалт еткенде уақыт тауып, бізбен байланысқа шықты.

Олжас Рахметов, құтқарушы:

Қуанып отырмын. Алла жазса, үйге келіп, балаларымды көремін. Сағындым балаларымды. Осы қиыншылықтан өтсек дейміз. 

Өзге елде жүрген отандасымыздың шаңырағына да бардық. Үйде қалған 3 ұлы Түркиядағы әкесінен бөлек, перзентханадағы анасын да сағынып жүр.

Олжас соңғы 6 жылын осы салаға арнаған. Өз өміріне қауіп төнсе де, басын бәйгеге тігіп адамдарды судан да, өрттен де құтқарады. Ауа-райына, тіпті уақытқа да қарамай, тауға шығып, тасқа өрмелеуге дайын. Ержүрек ұлын анасы мақтан тұтқанымен, мұндай қауіпті операцияларға жіберу әркез оңай емес деп көзіне жас алды.

Сарқыт Рахметова, құтқарушының анасы:

Келіншегі босанғанда бір жеңілдеп қалдық. Екеуін де уайымдап кеттім. Енді аман-есен ұлымның үйіне оралуын жазсын. Балапанымды бір құшақтап, бетінен бір сүюге жазсын деймін.

Олжас үйінің жалғыз асыраушысы. Әйелі 4 перзентімен үйде отырады. Жас отбасы бүгінде құтқарушыларға төленетін 150 мың теңгеге жан бағып отыр. Өз өмірін қатерге тігіп, қауіптің ортасында жүргендер үшін мұндай жалақы жеткіліксіз, дейді Олжастың анасы.

Бөлісу