Түркиялық азамат 187 сағат үйінді астында қалай аман қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиялық азамат 187 сағат үйінді астында қалай аман қалған

17.02.2023

Бұл бүгін Түркиядаға жер сілкінісі басталғаннан бері 11 күн өткеннен кейін құтқарушылардың екі ер азаматты үйіндінің астынан алып шыққан сәті. Олар – 34 жастағы Мұстафа Авчи мен 26 жастағы Мехмет Али Шакироғлы.

Мұстафа Авчи құтқарылғаннан кейін туысқандарының біріне қоңырау шалып, ата-анасының амандығын сұраған. Олардың дін-аман екенін білгеннен кейін, телефон тұтқасын ұстап тұрған дәрігердің қолынан сүйіпті. Оны 261 сағаттық азапқа шыдатып, үйіндіден алып шыққан құдірет те тап осы перзенттік махаббат күші болар. Ал Хатай провинциясында жер сілкінісінен 260 сағат өткен соң 12 жастағы бала үйінді астынан құтқарылды. Бұған дейін 258 сағаттан кейін Кахраманмараш провинциясында 42 жастағы Неслихан Киличты құтқарған. Бірақ, өкінішке қарай, оның жұбайы мен екі баласы әлі табылған жоқ.

Дәрігерлер апат кезінде аман қалу үшін адамға ең керегі ауа мен су дейді. Тіршілік нәрінсіз адам ағзасы бірнеше күнге дейін шыдай алады деп жатады. Бірақ, бұл апат бірнеше күн емес, одан да ұзаққа төзуге болатынын көрсетті. Алайда түрлі амалдар жасағандар да бар. Мысалы, 62 жастағы Хуйен Бербер 187 сағат үйіндінің астында жатқанда өз дәретін ішкенін айтады.

Хусейин Бербер:

Бірінші жер сілкінісінен үйдің төбесі құлады. Бірақ, маған тимеді. Мен бірден бұғып, отыра қалдым. Төбедегі жар тоңазытқыш пен шкафқа құлады. Мен сол жерде қыстырылып қалдым. Кілемше бар еді, соны алып, астыма төсеп алдым. Кейін бір құтыны тауып алдым, ішінде су бар екен. Оны ішіп бітірдім. Кешіріңіз, бірақ, сол құтыға кіші дәретті жіберіп ,іштім. Сол арқылы аман қалдым.

Хусейин Бербер апат кезінде өте дұрыс сақтық шараларын істеген. Үйіндінің астында да берілмей, қиынның қиюын тапты. Алайда, мамандар адамның шөлге ұзақ төзуінің сыры қозғалыстың болмауынан екенін айтады.

Ботагөз Рахманова, дәрігер:

Үйінділердің астында қалған кезде адамдар қозғалмай жатады ғой. Қозғалмаған кезде негізгі зат алмасу процесі болады ағзамызда. Сол зат алмасу, метоболизм төмендейді. Сол септі адам ағзасы тамақты, суды қажет ете қоймайды. Стрестік жағдайда ағзаның төмен режимге өтуінен с,у тамақ қажет болмайды да, компесаторлық реакцияға көшеді.

Бірақ дәрігерлердің айтуынша әр адамның ағзасы, денсаулығы әр түрлі. Сол себепті де, үйіндінің астында адам қанша уақытқа шыдауы мүмкін екенін тап басып айту қиын. Дегенмен, апат болғалы 11 күн өткеннен кейін де адамдар тірі табылып жатыр. Тағы да құтқарылады деп сенеміз.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу