Қарағанды облысында фермер ауыл жастарын еңбекке баулып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында фермер ауыл жастарын еңбекке баулып отыр

16.02.2023

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында жергілікті фермер ауыл жастарын еңбекке баулып, алдарына азын-аулақ мал да беріп отыр. Бірақ бір шартпен: 5 жыл бойы шаруашылыққа қолқабыс етуі керек. Маңдай терін төгіп, жұмысын адал атқарған азаматтарға тіпті қаладан бірнеше пәтер де алып берген.

Нұрсұлтанның бұл шаруашылықта жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жыл болды. Айлығы тұрақты. 200 мың теңге. Жыл сайын шаруашылық басшысы еншісіне мал да беріп тұрады. Төрт түліктің басын көбейтіп, келешекте өзі де жеке ферма ашуды армандайды.

Нұрсұлтан Мәнен, Қызыларай ауылының тұрғыны:

Жалақыдан бөлек былай бала-шағамыздың несібесіне ештеңе аямайды, премия беріп тұрады. Онысына рахмет, Алланың нұры жаусын.

Бірыңғай жастарды еңбекпен қамтыған Ержан Нұртазин қалада бизнесі бола тұра ауылға көшіп келген. Бүгінде ата кәсіпті жаңғыртып отыр. Туған жері Қызыларай елді-мекенінің маңынан қыстау салып, мал асылдандырады. Үш бірдей бордақылау алаңын салған. Қазір қолында 300-ге тарта сиыр мен үйір, үйір жылқы бар. Келешекте санын көбейтсем, - дейді. Жуырда бос жатқан 8 мың гектар жерді ұзақ мерзімге жалға алған.

Ержан Нұртазин, фермер:

Үш жүз гектар егіндік жер алқабын алдым. Соған биыл жерін жыртып, қоршап мал кірмейтіндей, сол жерге биыл егін салсам деп отырмын. Өйткені қазір жем-шөптің бағасы қымбат, өнім өзімнен шықса оның пайдасы болады деп есептеп отырмын.

Фермер ауыл жастарымен бес жылдық келісім-шартқа отырып, оларға жоғары жалақы төлейді. Жомарт азамат адал еңбек еткен екі бірдей жұмыскеріне Қарағанды және Балқаш қалаларынан пәтер де алып берген. Фермер жұмыскерлерге арнап қыстауға зәулім жатақхана салған. Ұялы байланыс мұнарасын орнатып, интернет желісін тартыпты. Қысқасы мұнда еңбеккерлердің жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу