Түркияның зілзаладан қираған қала-кенттеріндегі құтқару жұмыстары аяқталып келеді. Дәл қазір, Адана секілді 4 шаһарда іздеу шарасы біржола тоқтады. Енді қирандыларды сүріп,қаланы жаппай тазалайды. Ал қазақстандық құтқарушылар жұмыс істеп жатқан Газиантепте де бүгін-ертең құтқару жұмысы аяқталмақ. Толығырақ Нұрбек Бекбау тарқатады.
Қазақстандық құтқарушылар Газиентеп қаласындағы ең күрделі 3 учаскіде жұмыс істеді. Зілзала кезінде қираған үйлер үйіндісінің астынан 7 адамды аман алып шықты. Мамандар қауіпқатерге қарамастан өз міндеттерін адал атқарған.
Дәмен Серік, құтқарушы:
Бірінші көрініп тұрған адамнан бастадық. Ол кісі үлкен кісі екен. Келесі бөлмеде оның қызы бар екен. Ол кісіден кейін қызын алып шықтық. Сосын әкесімен, баласын алып шықтық. Үш топ, ауысымсыз жұмыс істеп отырдық.
Шетелдік құтқарушылар - қиранды астында қалып қойған адамдарды тек ауыр техника күшіне сүйеніп қана шығарады. Оған ұзақ уақыт керек. Ал қазақ жасағының әдісі өзгеше. Жермен жексен болған ғимараттың бүйірін үңгіп жетеді немесе үйінді астында қалған адамға үй жанын ойып барып жақындайды.
Нұрбек Бекбау, тілші:
Міне, қазақтың төтенше қызметіне түрік үкіметі, түрік халқы зор алғысын білдіріп жатыр. Өйткені, Гази Антептегі ең қиын учаскелер біздің жігіттерге міндеттелді. 7 кісі құтқарып қалды. Бұқара тәттілерін ұсынып, рақмет айтып жатыр.
Ал апат аймағына келген қазақстандық дәрігерлер 80-ге жуық адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. 250-ден аса жергілікті тұрғын біздің шатырды паналап, жылынған. Қазір құтқару жұмыстары аяқталып келеді. Мамандар біртіндеп базаға оралып жатыр.
Нұрбек Бекбау