Қазір Түркияда құтқарушылармен бірге мыңдаған волонтерлер де жұмыс істеп жатыр. Оқиға орынан репортаж дайындау үшін табиғи апат болған аймақтарға Ұлттық арна тілшілері Айдос Әшімұлы және Нұрбек Бекбау да барған. Қазір олар студиямен тікелей байланыста.
Нұрбек Бекбау, тілші:
Мен тұрған Қаһраманмараш қаласы — зілзаладан өте қатты зардап көрген қаланың бірі. Мұндағы ғимараттардың 65%-ы күл-талқан болған. Және ең көп адам осы Қаһраманмараш қайтыс болған. Сырттай құламай, қалыпта тұрған ту сыртымдағы ғимараттардың қабырғаларына сызат түскен, негізгі бағандары сынған. Жалпы 10 провинцияда 50 мыңнан астам ғимараттың талқаны шықты. Сол қирап түскен үйлердің астынан 105 мың адам осы уақытқа дейін құтқарылды. Оның 15 мыңы ауруханада. Зілзала болғаннан бері 200 сағат өтсе де, іздеу-құтқару жұмыстары кезінде әлі де аман табылып жатқан адамдар бар. Бірақ, мамандардың айтуынша, үйінді астында әлі 80 мыңдай адам болуы мүмкін. Олардың тірі қалу мүмкіндігі әр минут сайын, сағат сайын азайып барады. Сондықтан, құтқарушылар үзілісіз жұмыс істеп жатыр. Ал жер сілкінісінен зардап шекен аймақтардағы шығын көлеміне келсек, алдын ала есеп бойынша, 84 миллиард доллардан асады деген ақпарат айтылды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қазақстандық құтқарушылар зілзала болған күннен бері Түркияның апат аймағында жұмыс істеп жүр. Біздің құтқарушылардың негізгі штабы Газиантеп қаласының маңында орналасқан. Ол жерде 65 құтқарушы екі ауысыммен үш нысанда жұмыс істеді. Бүгінде екі нысандағы жұмыстар толық аяқталып, біздің жігіттер бір ғимараттың үйінділерін тазалап жатыр. Ал екінші топ Нұрдағы қалашығында жұмыс істеп жүр. Бұған дейін айтқанымыздай Нұрдағыда ғимараттардың 90 пайызы қираған. Ол жақта 35 адам екі ауысыммен сегіз қабатты бір үйдің қирандыларын тазалап жатыр. Бүгінге дейін 3 адамды тірі алып шықты. Ал жалпы біздің жігіттер 7 адамды үйінді астынан аман құтқарып алған, өкінішке қарай, 88 жансыз дене де шығарды. Тағы бір айта кетерлігі біздің құтқарушылар қазақстандық азаматшаны үйінді астынан алып шығу үшін Хатай қаласына да барып қайтты. Ал құтқарушылармен бірге келген дәрігерлер тобы үшін апат аймағында арнайы жылжымалы аурухана құрылды. Ол жерде біздің мамандар 140 жергілікті тұрғынға алғашқы дәргерлік көмек көрсеткен, Олардың 17-сі бала. Сондай-ақ, 200-ден аса жергілікті тұрғын біздің шатырды паналап, жылынған. Қазір құтқару жұмыстары аяқталып келеді. Осы аптаның соңына қарай құтқарушыларымыз жұмыстарын толық аяқтауы тиіс.