Таспадағы тарих: Қазақ телевизиясына 65 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таспадағы тарих: Қазақ телевизиясына 65 жыл

14.02.2023

Қазақ телевизиясының 65 жылдығы: таспадағы тарих. Алматыда арнайы меретойлық іс-шара өтті. Салтанатты жиынға телевизия ардагерлері қатысып, естеліктерімен бөлісті. Орталық мемлекеттік музей ұйымдастырған көрмеде қазақ телевизиясы мен радиосына қатысты құнды дүниелер қойылды. 

Жазира Оразқызы, тілші:

Тұңғыш қазақ телеарнасының тырнақалды хабарын республика көрермендері дәл осындай төрт мыңнан астам теледидар арқылы тамашалаған екен. Алғашында күніне 5 сағат қана хабар беріле бастады. 70-жылдары телебайқаулар эфирге, 80-жылдары ток-шоумен толыққан. Міне сан түрлі өзгерістерді бастан кешкен қазақ телевизиясы 65 жылдық белеске шықты. Бүгін осы мерейтойға орай Алматыда ауқымды шара өтті.

Ең алғашқы радиоқабылдағыштың бірі, магнитафон, жазу машиналары...Бүгінгі көрмеде қазақ телевизиясы мен радиосы тарихынан сыр шертетін 30-дан астам музейлік зат қойылды. Шарадағы құнды дүниенің бірі – мынау баспа машинкасы. Бұл танымал тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевқа тиесілі болған.

Кезінде Өзбекәлі Жәнібектің өзі қолданған мына транзистор – музейдегі құнды экспонаттардың бірі. Тағы бір артықшылығы – әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
Көрермен көзайымына айналған «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы – 4 республикалық телеарна, 15 аймақтық арна, 4 радио мен 20-дан астам интернет порталды біріктіретін еліміздегі ең ірі медиақұрылым. Биылғы мерейтой – телевизия қызметкерлерінің ғана емес, тұтас елдің ортақ мерекесі.


Хабарламаларға жазылу