Мектеп ішінде де қауіп бар. Білім ордаларына кіре беріс жерлерде бақылауды күшейту қажет. Кеше Петропавлда болған оқыс жағдайдан кейін Премьер-Министр Әлихан Смайылов мектептерде қауіпсіздікті арттыру шараларын пысықтауды тапсырды. Үкімет басшысы мұндай оқиғаның келешекте қайталанбауы үшін бірқатар министрліктерге нақты тапсырма берді. Бұл өте қауіпті жағдай. Оқиға халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, білім ошақтарында егжей-тегжей тексеру жүргізу қажет, - деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ ол бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керектігін айтты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін нақты білуі тиіс.