Елдікке шақырған қазыналы қариялар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдікке шақырған қазыналы қариялар

11.02.2023

Ежелгі дәстүр бойынша кейінгіге жөн сілтеп, ақыл айтатын, ел ішіндегі атқарылар қайсыбір істің ұйытқысы - абыз ақсақалдар мен қазыналы қариялар. Түркістан облысы Төле би ауданының үлкендері апта сайын қымыз ішуге жиналып, дастархан үстінде елдің келелі мәселелерін қозғап, түйткілін шешеді. Олар араздасқан отбасыларды татуластырып, білместікпен жаза басқан телі-тентектерін өздері тыйып отырады.

«Ашу - ақылдың сарқылған сәті». Бүгін ауыл қариялары араздасып қалған екі көрші жігітті ортаға алып отыр. Бірінің байлауда тұрған малы босанып кетіп, жанындағы үйдің ауласын майқандап тастаған. Сол ашумен қатты сөзге барысқан олардың бір-біріне тоң теріс болып жүргеніне де біраз болған. Екі жігітті ақылға тоқтатқан ақсақалдар оларды қол алыстырып, қайта татуластырды.

Ауыл тұрғыны:

Көршімізбен араздасқанымызға да 2 айдан астам уақыт болып қалды. Шындығында бойымнан жүк түскендей боп тұрған жағдайым бар. Көршімізбен арадағы татуылығымызды қайта қалпына келтірген қарияларымызға рақметімді айтамын.

Мұндай келелі жиынға жексенбі сайын 13 ауыл округінен 50-60 адамға дейін жиналады. Қымыз ішіп отырып, ауыл аймақтың жағдайына қанығады. Араздасқанды татуластырады. Ажырасқандарды қайта табыстыру үшін ақыл айтады. Ұрлықты тыйып, тентекті тезге салады. Елдің өзге де түйіткілді мәселелерін шешуді ойластырады. Керек болып жатса прокурор мен сотты, полицияны да осында шақыртады.

Сейітхан Ақтаев, ауыл ардагері:

Үлкен көшеміз бар. Сол көшенің бұрынғы атауын қалдырып, жартысын басқа бір адамның атына беруге ұсыныс айтып туған туыстары жүгіріп жатқан жағдай болды. Бірақ басқа да көшелер бар деген секілді келелі әңгіме қозғап, көше атауы екіге бөлінбей қалды.

Ауыл қарияларының жиынына аудан әкімінің өзі де қатысады. Қазына қаржысына істеленітін жұмыстардың жайын ақылдасады.

Әтірхан Шыңғысбаев, Төле би ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ауданның әкімі әруақытта ардагерлермен пікірлесіп отырады. Биыл мынада мынадай тірлік істейін деп отырмыз. Соны алғаш қайсысын істейміз, мынаны күте тұруға бола ма деп ақылдасып отырады.

Үлкендердің жиынына кәсіпкерлер де шақырылады. Қариялар ел ішіндегі мұқтаж жандардың жайын айтып, оларды қайырымды іске жұмылдырады. Әр жексенбі күні ішілетін ұлттық сусын мен мәнді мәжіліс ұрпаққа саламатты өмірді үлгі етіп, ырыс алды ынтымақта екенін танытып келеді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу