Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 92 жылдығына орай алғашқы он томдық жарық көрді. Жинақта оның бүкіл еңбегі - аудармалары, драмматургиясы мен поэзиясы, естеліктері жинақталған. Мұқағали атындағы халықаралық қордың төрайымы, біртуар тұлғаның келіні Бақытгүл Айдарованың сөзінше, он томдық жыл соңына дейін оқырман қолына тиеді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданында Қарасаз ауылында дүниеге келген еді. Ғасыр ақынының шығармашылығына деген қазақтың құрметі осы уақытқа дейін бір кеміген емес. Өмірін өлеңмен өрнектеген сөз шеберінің шығармашылығы қашан да жоғары деңгейде дәріптеліп келеді. Жаңа кітаптардың басылып жатқаны осыған куә.
Бақытгүл Айдарова, М.Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың төрайымы, ақынның келіні:
Атамыз өзінің жазған жырына сенді. Жырын арнаған халқына сенім артты. Сол жыры да, халқы да ол кісіні алдаған жоқ. Өйткені, қазір жүректен шыққан дүниелерінің бәрі халықтың жүрегінде деп толық айтуыма болады. Өскелең ұрпақ барда атамыздың артына қалдырған жыр-маржандары да халықпен, ұрпағымен бірге жасай беретініне мен сенімдімін.