Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бір жылда 1200-ден астам тұрғынды ит қапқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бір жылда 1200-ден астам тұрғынды ит қапқан

09.02.2023

Бұл медициналыққа көмекке жүгінгендердің саны ғана. Халықтан бұралқы ит көбейіп кетті деген шағым жиі түседі. Мәселен, таяуда Бәйтерек ауылында қаңғыбас ит 8-сынып оқушысын қауып алды. Ата-аналар баланы мектепке жіберуге қорқып отыр.

Эльмира Кәленова, тілші:

Бәйтерек ауылында осындай заңсыз қоқыс полигоны бар. Бұл жер қаңғыбас иттердің мекеніне айналған. Төрт аяқтылар күні бойы осында келген көліктерді аңдиды. Тіпті адамнан да қорықпайды.

Қаңғыбас ит ауылда да толып жүр. Жан-жақты тіміскілеп, қорек іздейді. Тұрғындар көшеде емін-еркін жүруден қалған.

Ерсұлтан Серік, оқушы:

Мен көрмей қалғаннан кейін ол тістеген. Бірақ мен оны бірнеше рет қолымда тұрған пакеттімен ұрғандықтан, ол қашып кетті. Бірақ бірнеше секундтай ұстап тұрды.

Ерсұлтанды тістеген дәл осы ит. Қазір бала құтырма ауруына қарсы екпе алып жүр. Аяғындағы жарасы жазыла бастаған.

Темірболат Өтетілеуов, Бәйтерек ауылының тұрғыны

Баламды қазір мектепке, жаттығуына өзім апарамын. Түнде шығуға қорқамыз. Сол қоқыстың иттері кешке қарай ауылға кіреді. Есіктердің алдын аралап жүреді.

Қаңғыбас иттер тек Бәйтерек ауылында ғана емес, Петропавл қаласының маңындағы елдімекендерде де көбейіп кеткен. Ал билік өкілдері «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды алға тартып, оларды атуға тыйым салынғанын айтып отыр.

Алма Нұрғалиева, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

Ит иелеріне қатысты 17 әкімшілік хаттама толтырылды. Өйткені олар талаптарды сақтамайды. Қаңбас иттердің көбеюіне де кейбір тұрғындар айыпты. Өйткені қуып жібереді. Ал ауданда оларды уақытша болса да қамап ұстайтын орын жоқ. Қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз.

Биыл облыста қаңғыбас иттерге екпе салуға және зарарсыздандыруға 10 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Әр жануарға 30 мың теңге жұмсалатынын ескерсек, бұл қаржы 360 итке ғана жетеді.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу